Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бағалы металдардың заңсыз айналымымен айналысты деген күдікпен трансұлттық топ ұсталды

Опубликовано:

Күдіктіні ұстау сәті
Күдіктіні ұстау сәті. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Көлік полицейлері бағалы металдардың заңсыз айналымымен айналысты деген күдікке ілінген әр ұлт өкілінен құрылған бір топ адамды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ведомстов ақпараты бойынша, көлік полиция департаменті қызметкерлері Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен, Қазақстан, Украина және Ресей азаматтарынан құралған трансұлттық ұйымдасқан топты ұстады.

Олар ұзақ уақыт бойы республика аумағында бағалы металдардың заңсыз айналымын жүзеге асырған. Бұл туралы департаменттің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Теміржан Рамазанов хабарлады.

Теміржан Рамазановтың айтуынша, қылмыстық топ Ақмола облысында орналасқан шахтадан құрамында алтын бар кенді заңсыз өндіруді ұйымдастырған. Қолдан жасалған шикізат зергерлік бұйымдарды жасау үшін астыртын шеберханаларға жіберіліп, әйгілі зергерлік үйлердің брендтері атынан сатылған. Бұйымдар әуе және теміржол көлігі арқылы тасымалданған.

"Жүргізілген тінту іс-шаралары барысында кен өңдеуге арналған жабдықтар, алтын құймалар, 15 келіден астам зергерлік бұйым, биркалар мен сертификаттар, 19 тонна кен, 1,5 келі сынап, 20 келіден астам жарылғыш зат тәркіленді", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомство мәліметіне сүйенсек, қылмыстық топтың ішінде шахта құрылтайшылары, шикізат өндіруді ұйымдастырушылар, аффинажшылар, зергерлік шеберлер, сатуға және брендтеуге жауапты адамдар болған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 295-1 және 264-баптары бойынша жүргізіліп жатыр. 17 адам күдікті деп танылған. 10 күдікті қамауға алынды, ал өзге ұсталғандардың бұл қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046902-ar-ult-okilinen-qurylgan-bagaly-metaldardyn-zansyz-ainalymymen-ainalysty-degen-kudikke-ilingen-top-ustaldy/

pixel