Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбедегі түнгі клубта қаза тапқан екі адамның өліміне қатысы бар 16 күдіктіге сот үкімі шықты

Опубликовано:

Судья
Сот үкімін оқыған судья. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде түнгі клубтағы екі жігіттің өліміне қатысы бар 16 адамға үкім шықты. Аса ауыр бап бойынша күдікке ілінгендердің екеуі ғана кісі өліміне қатысты айыпты деп танылды. Үкіммен келіспегендер сот залының ішінде айқай шығарып, төбелесуге дейін барды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "екі адамды өлтірді" деп айыпталған түнгі клуб күзетшілеріне үкім шықты. Үкіммен келіспеген сотталушылар айқай шығарып, әйнектерді ұрып, қоршауға алған аймақты тепкіледі. Туыстары жылап, сотталушылар ескертуге бағынбай, үкімнен кейін сот залына бірден арнайы жасақ кіргізілді.

Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру", "Бұзақылық" баптарымен кінәлі деп танылған 15 адам 17 жылдан 2 жыл 6 ай аралығында бас бостандығынан айырылды. Кәмелеттік жасқа толмаған тағы бір сотталушыға екі жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, сот залынан босап шықты. Судья сотталушылардың бәрінен "Адамды ұрлау" бабы бойынша тағылған айыпты алып тастады.

"Адам өлтіруге оқталу, адам ұрлау айыбы тағылғанымен сот бәрін негізсіз деп санады. Бұл баптар бойынша барлық сотталушы ақталып отыр. Дәлелденген жоқ. Бұл жерде адам ұрлау дерегі мүлде жоқ. Алдын-ала сөз байласу да дүрыс емес. Жәбірленушілер өздері келген, алдын ала келіскен ешкім жоқ. Сол сәтте төбелес басталған. Сотталушылардың бұрын қылмысқа тартылмағанын, кешірім сұрағанын, балаларын ескерді. Сот жазаның түрі мен мөлшерін анықтаған кезде жәбірленушілердің кешірім бермегені де ескерілді", - деді судья Нұрлан Бақтығалиев.

Сотталушылар өздеріне тағылған айып бойынша кінәларын ішінара мойындап, адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, адам ұрлау, қылмыс туралы хабарламау, қылмысты жасырып қалу пиғылдары болмағанын, бұзақылық жасағандарын мойындайтынын көрсетті.

"Жаза тағайындау барысында сот Хасенов, Түктібай, Исенгарин, Қосанов, Мырзабаев, Жиеналин, Жаңбырбаев, Муканбетжанов, Серікұлы, Урстемов, Ищанов, Тукенов, Бақытов, Ерманов, Каратаевтың бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмағандарын, Түктібайдың, Мұханбетшәріптің, Серікұлының, Ермановтың, Бақытовтың, Ищановтың, Тукеновтің, Қаратаевтың, Урстемовтің жас балаларының болуын, Муканбетжановтың қылмыс жасаған уақытта кәмелетке толмауын, сотталушылардың жәбірленушілерден кешірім сұрап, істеген істеріне шын өкінуін, жәбiрленушiлердiң қылмыстық құқық бұзушылыққа түрткi болған заңға қайшы немесе бейморальдық мінез-құлқы қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды", - деді судья.

Еске сала кетейік, қылмыстық оқиға өткен жылдың қазан айында Ақтөбе қаласындағы "Миллиардер" түнгі клубында болды. Полицейлер Елек өзенінің жағасынан табылған екі адамның мәйітінен қинап өлтіру белгілері барын анықтады. Кейін қылмысқа күдікті ретінде түнгі клуб қызметкерлері ұсталды. Іс бойынша алты жәбірленуші бар. Іс 104 томнан тұрады. Облыс орталығында өткен армрестлингтен өтетін жарысқа келген Темір ауданының жігіттері түнгі клубқа барып, сол жердің күзетшілерімен сөзге келген. Келіспеушіліктің соңы төбелеске ұласып, екі жігіт қаза болды.

Мемлекеттік айыпталушы сотталушыларға 23 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Сонымен қатар сот Ақтөбе облысының прокуратурасы мен Ақтөбе облысы полиция департаменті атына тергеу барысында жіберілген заңбұзушылықтар үшін жеке қаулы шығарды. Сонымен қатар тиісті бақылау жүргізбеген пробация қызметіне да жеке қаулы шықты.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046908-aqtobedegi-tungi-klubta-qaza-tapqan-eki-adamnyn-olimine-qatysty-16-kudiktige-sot-ukimi-syqty/

pixel