"232 мың азамат тізімнен шығарылады": Қазақстанда тұрғын үй кезегіне тұру қиындайды
Жарияланған күні:
Мәжілісте тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланды. Заң жобасы аясында тұрғын үйге кезекке тұру үшін азаматтардың меншігінде кейінгі 5 жылда баспана болмауға тиіс деген тармақ өзгертіліп, бұл мерзім 10 жылға ұзартылуы мүмкін, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Депутаттар алдында заң жобасының тұжырымдамасын оқыған өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев азаматтарды кезекке қою кезінде негізгі талаптардың бірі олардың меншігінде баспана болмауы керек екенін еске салды.
"Қолданыстағы заңға сәйкес, бүгінгі таңда кезекке тұру үшін азаматтардың кейінгі 5 жылда тұрғын үйі болмауы қажет. Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдеріне байланысты кезекке жаңадан тұратын азаматтар үшін осы мерзімді 10 жылға дейін ұзарту көзделген", - деді министр.
Сондай-ақ Қанат Шарлапаев тұрғын үй кезегіндегі ашықтықты қамтамасыз ету үшін тізім "Отбасы банктің" интернет ресурсында жарияланатынын айтты.
"Бұған қоса тоқсан сайын бір рет инвентаризация жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, инвентаризацияны әкімдіктер жылына бір рет жасайды. Қазіргі таңда біздің министрлік Цифрлық даму және аэроғарыш министрлігімен бірлесіп, кезекте тұрған азаматтарды заңнама талаптарына сәйкестігі бойынша талдау жасады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, кезекте тұрған 646 мың азаматтың 232 мыңы кезектен шығарылатын болады", - деді министр.
Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар бұған дейін осы жұмысты тиімсіз жүргізген. Бүгінгі таңда әкімдіктер осы бағыттағы жұмыстарды бастап кетті.
Еске салайық, аталған заң жобасы бойынша азаматтарды тұрғын үйге есепке қою және оны жүргізу функциясын "Отбасы банкке" беру ұсынылғанын хабарлаған едік. Осыған байланысты "Отбасы банк" екінші деңгейлі банк қатарынан шығарылып, ұлттық даму институтына айналады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2047063-232-myn-azamat-tizimnen-sygarylady-qazaqstanda-turgyn-ui-kezegine-turu-qiyndaidy/