Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жергілікті атқарушы органда есепке қою тоқтатылады": Қазақстанның тұрғын үй саясатында тағы не өзгеруі мүмкін

Опубликовано:

тұрғын үй
Тұрғын үй құрылысы. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бүгін мәжілісте тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланды. Заң жобасы бойынша азаматтарды тұрғын үйге есепке қою және оны жүргізу функциясын Отбасы банкке беру ұсынылған. Осыған байланысты Отбасы банк екінші деңгейлі банк қатарынан шығарылып, ұлттық даму институтына айналады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жаңа заң жобасының тұжырымдамасын депутаттар алдында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев оқып берді. Министрдің сөзінше, алдағы уақытта азаматтарды тұрғын үйге есепке қою және оны жүргізу, тұрғын үйді бөлу және оны беру функциялары әкімдіктерден Отбасы банк құзырына беріледі.

"Бүгінгі таңда қолданыстағы заң бойынша жергілікті атқарушы органдар тұрғын үйге есепке қою және оны жүргізу, сондай-ақ тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функцияларды жүзеге асырады. Заң жобасы шеңберінде бұл функцияларды Отбасы банкке беру ұсынылған. Бұл ретте азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдар құзыретінде қалады. Оны тұрғын үй салу және сатып алу арқылы іске асырады. Осыған байланысты Отбасы банктің ұлттық даму институтына айналдыру көзделген", - деді баяндамасында Қанат Шарлапаев.

Министрдің айтуынша, Отбасы банкке аталған функцияларды беруді ескере отырып, оның екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару жоспарланып отыр. Сәйкесінше, Отбасы банк банктік және басқа да операцияларды банктік лицензиясыз жүзеге асыратын болады.

Бұл ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттік және Ұлттық банк Отбасы банкке қатысты мынадай қадағалау функцияларын сақтайды:

  • қаржылық қызмет;
  • тұтынушыларының құқығын қорғау;
  • валюталық реттеу және бақылау;
  • қаржылық және өзге де есептілікті алу;
  • қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;
  • ақша-кредит статистикасын және қаржы нарығы статистикасын қалыптастыру үшін есептілік деректерін жинау;
  • бухгалтерлік есеп мәселесі бойынша нормативтік-құқықтық актілер қабылдау және тағы басқа.

Айта кету керек, Отбасы банк екінші деңгейлі банктер жүйесінен шықса, қазіргі заңнамаға сәйкес, ол депозиттерге кепілдік беру қорынан да шығарылады. Осыған байланысты Қанат Шарлапаев заң жобасында Отбасы банктегі азаматтардың салымына мемлекет кепілдік беретінін айтты.

"Жаңа механизмдерге сәйкес, әкімдіктер берген тізімдер Отбасы банкке өзгеріссіз берілетін болады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктер – ред. еск.) базасына есепке қою тоқтатылады", - деді министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2047040-zergilikti-atqarusy-organda-turgyn-uige-esepke-qoyu-toqtatylady-qazaqstannyn-turgyn-ui-sayasatyn-tagy-qandai-ozgeris-kutip-tur/

pixel