Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде шырт ұйқыда жатқан әйел мен ұлының өліміне қатысты сот басталды: істе айыпталушы жоқ

Жарияланған күні:

сот отырысы
Сот залынан фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе қаласында шырт ұйқыда жатқан әйел мен ұлының жантүршігерлік өлімі мен жасөспірім қыздың пышақ жарақатын алу оқиғасына қатысты сот басталды. Істе айыпталушы жоқ, себебі күдікті тергеу изоляторында қайтыс болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында биыл 29 наурыз түнде болған қанды оқиғаға қатысты іс қаралуда. Оқиға кезінде аман қалған жасөспірім де сот залында отырды. Қасында мектеп психологы мен мұғалімі, әжесі және әпкесі болды.

Істе күдікті деп танылған айыпталушы тергеу изоляторында өзіне қол жұмсаған еді. Іс 30 томдық. Айыпталушының анасы сотқа онлайн қатысты.

Прокурор айыптау актісінде сотталушыға Қылмыстық кодекстің 192-бабы 3-бөлігі 4-тармағы, 99-бабы 2-бөлігі, 1 және 14-тармағы, 24-бабы 3-бөлігімен айып тағылғанын айтты.

Іс материалдарында сотталушының 28 наурызы күні сағат 22:30 шамасында жұмыстан шығып, сыра ішкені айтылады.

"Мас күйінде қарақшылық жасау ойына келеді. Сот алды тергеу кезінде анықталмаған кесіп-тесетін пышаққа ұқсас затты алып, адам іздейді. Жеңіс көшесіндегі үй жанынан өтіп бара жатып, ашық тұрған балконды көреді. Е. ойын іске асырмақ болып, газ құбыры арқылы балконға кіреді. Пәтерге кіріп, бағалы зат, ақша іздейді. Ол адамдар ұйықтап жатқанын көре тұра солай жасады. Сағат шамамен 02:25-те Е.Г оянып кетіп, пәтерінде жүрген бөгде адамды көреді. Сол кезде сотталушы бірден бас салып, кесіп-тесетін затты бірнеше рет сұғып алады. Жәбірленуші көп қан кетіп, оқиға орнында қаза тапты. Сол кезде шамамен сағат 02:30-да анасының дауысынан баласы оянып кетеді. Оған тарпа бас салып, оны да пышақтайды. Екінші жәбірленуші де оқиға орнында қаза тапты. Кейін сағат 02:35-те қызы оянады. Ол жерде жатқан ағасын көреді. Үйде жүрген бөгде адам қыздан үйде басқа адам бар ма деп сұрайды. Е. жауап ала алмаған соң кәмелетке толмаған қызды өлтіру үшін қылғындыра түседі. Сонымен бірге бірнеше рет пышақ сұғады. Оның қимылсыз қалғанын көріп, кетіп қалады", - деді айыптау актісін оқыған прокурор.

Қанды оқиғадан кейін жасөспірім қыз есін жияды. Қолы икемге келмегендіктен телефонның блокқа қоятын нүктесін алты рет басып, SOS көмек сұрау белгісін береді. Қоңырау төтенше жағдайлар қызметіне түсіп, жедел көмек көрсетілді.

Айыпталушының өмірде жоқтығын алға тартқан судья істі тоқтату туралы ұсыныс жасады. Бұған айыпталушы тараптың екі қорғаушысы келіскен жоқ. Полицияға жолданға видео материалдың компьютерлік техникалық сараптамада қарама-қайшылықтардың барын алға тартты. Істі жалғастыруды, тергеуге қайта жіберуді сұрады.

Ал жәбірленуші тарап әбден шаршағандарын, істі тоқтатуды сұрады.

"Жәбірленуші сіңілім оны дауысынан таныды. Істі қайтаруға келіспейміз. Айыпталушының кінәсі толық дәлелденді. Сол жерде болған С. оны таныды. Пәтерден оның қаны табылды. Біз істің әрі қарай жалғасқанын қаламаймыз. Шаршадық. Жалпы сомасы 30 млн теңге моральдық-материалдық шығын өтеуді сұраймыз", - деді жәбірленушінің заңды өкілі Кайрис Евгений.

Анасы мен туған ағасынан айрылған жасөспірімнің жағдайы қалыпты екені айтылды. Қазір әжесінің қасында. Психолог көмегінен бас тартқан.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048180-aqtobede-syrt-uiqyda-zatqan-aiel-men-ulynyn-olimine-qatysty-sot-bastaldy-iste-aiyptalusy-zoq/