Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде балалардың кәріз құдықтарына құлап кетуі: балалар омбудсмені Динара Зәкиева пікір білдірді

Жарияланған күні:

Кәріз құдығы
Кәріз құдығы. Көрнекі фото: Getty Images / stock photo

Балалар омбудсмені Динара Зәкиева еліміздің екі облысында кәріз құдықтарына құлап, көз жұмған балаларға қатысты қайғылы оқиғаларға пікір білдірді. Оның айтуынша, екі жағдайда да кәріз құдықтары әкімдіктерге тиесілі болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Балалар омбудсмені Динара Зәкиева Facebook-тегі ресми парақшасында еліміздің екі облысында кәріз құдықтарына құлап, көз жұмған балаларға қатысты қайғылы оқиғаларға пікір білдірді. Ол тергеу жүргізіп, кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуға шақырды.

"Екі аптаның ішінде Қызылорда мен Түркістан облыстарында екі рет балалардың кәріз құдықтарына құлап, көз жұму дерегі тіркелді. Екі жағдайда да кәріз құдықтары әкімдіктерге тиесілі.

Инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, балалардың өліміне әкеп соққан салғырттыққа жол берген жауапты қызметкерлерді жауапкершілікке тарту мақсатында тергеу жүргізу қажет деп санаймын. Сондай-ақ бұл салаға жауапты жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен аудан әкімдерін де жауапқа тарту керек деп ойлаймын", – деп жазды ол.

Оның айтуынша, тиісті өтініш уәкілетті органдарға жолданады.

"Тамызда мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, атап айтқанда, ашық кәріз құдықтарына қатысты мәселе көтерілді. Премьер-министрдің орынбасары тиісті тапсырмалар берді, волонтерлермен бірге барлық өңірде рейд ұйымдастырылған", – деп қосты балалар омбудсмені.

Еске салайық, қарашаның соңында Қызылордада 8 жасар баланың кәріз құдығына құлап кеткені туралы хабарланған болатын. Бірнеше сағаттан соң құтқарушылар оның денесін тапты.

Түркістан облысында желтоқсанның 1-і полицияға 4 жасар баланың жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Ал бүгін, 3 желтоқсанда бүлдіршіннің денесі табылды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

"Үздіксіз жүргізілген іздеу жұмыстары кезінде желтоқсанның 3-і түстен кейін 4 жасар баланың денесі көрші үйдің жанындағы кәріз құдығынан (септик) табылды. Баланың денесін медициналық сарапшылар тексереді, ал денеден зорлық-зомбылық пен қандай да өлім белгілері табылмады", – делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048894-elimizde-balalardyn-kariz-qudyqtaryna-qulap-ketui-balalar-ombudsmeni-dinara-zakieva-pikir-bildirdi/