Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Байлық — жерде": 30 жылға жуық картоп егумен айналысатын ақтөбелік шаруа мол өнім алудың сырын айтты

Опубликовано:

Сергей Дегтяренко
Сергей Дегтяренко. Фото: KAZ.NUR.KZ

Сергей Дегтяренко 30 жылға жуық картоп өсірумен айналысып, кәсібін дамытқан шаруалардың бірі. Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының тұрғыны жастарға байлықты жерден іздеуге кеңес береді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шаруа халықтың екінші нанына айналған көкөніс түрін егуді тоқсаныншы жылдары қолға алған.

"28 жылдан бері картоп өсіремін. Осы уақыт ішінде әбден қыр-сырын меңгердік. Биыл 60 гектар жерге картоп ектік. Өнім өте жақсы шықты. Осыған дейінгі жылдары да жаман болмады. Биылғы өнім молшылығымен қуантты. 28 жылда мен мұндай өнім алған жоқпын. Жақсы жасалған жұмыс нәтижесі деп ойлаймын. Картопқа қажетті қоректі уақытында бердік. Жерін жұмсарттық. Тазартып отырдық. Көзге көрінбейтін күнделікті тірлікпен бабын жасадық. Әр гектардан шамамен 400 тонна алдым",- деді Сергей Дегтяренко.

Ол Петропавл ауылындағы "Алма" шаруа қожалығының иесі. Облыстағы және аудандағы алдыңғы қатарлы көкөніс өсірушілердің бірі. Мұнда тұрақты түрде 5 адам ғана жұмыс істейді. Маусымдық жұмыс кезінде қосымша жұмысшылар алады.

"Көкөніс өсіру - көктемде егіп, жазда суарып, күзде жинап алумен бітпейді. Картоп егілген жер келесі жылы демалады. Шаруашылықта 240 га жер бар. Әр жылдары демалған, бұрын картоп егілмеген жаңа жерге отырғызамыз. Картоптың сұрпы мен дәніне де көп нәрсе байланысты. Еккенде сапалысын таңдаймыз. Картопты жинаған бойда ұзамай сатып үлгереміз. Үш жылдан бері тек картоп егуге басымдық беріп жүрмін. Осыған дейін көкөністің барлық түрін ектік. Қызылша, қызанақ, пияз, сәбіз бәрі болды. Қазір толық картопқа көштік. Картоп егілген жерге келесі жылы бидай егеміз. Картоптан кейін жерді құнарландыруға көмектеседі", - дейді шаруа.

65 жастағы еңбек ардагері нағыз байлықтың маңдай термен келетінін айтты.

"Жерді сүйіп жұмыс істеу керек. Байлық - жерде. Еңбек етіп, жинап ал. Біз жастарға жерді сүюді, жұмыс істеуді көрсетуіміз керек. Жастар қара жұмыста жүргісі келмейді. Шаруашылыққа механизаторлар таба алмаймыз. Ол тек маған қатысты проблема емес. Қасымыздағы қызметкерлерді өзіміз оқытып аламыз", - деді ол.

Сергей Дегтяренко ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан зор үлесі мен еңбегі үшін бірнеше рет марапатталған. Кеңес үкіметі кезінде "Еңбектегі ерлігі үшін" медалін тақса, өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің "Құрмет грамотасын" алды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2049242-bailyq-zerde-30-zylga-zuyq-kartop-egumen-ainalysatyn-aqtobelik-sarua-mol-onim-aludyn-syryn-aitty/

pixel