Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында пара алғаны үшін істі болған білім бөлімінің экс-басшысы жазасына тағы бір жыл қосып алды

Жарияланған күні:

ақша
Ақша. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Күні кеше Ақтөбе облысында үш жылға бас бостандығынан айырылған Ырғыз ауданы білім бөлімінің экс-басшысы жазасына тағы бір жыл қосып алды. Мұғалімді жұмысқа тұрғызу үшін 400 мың теңге пара алды деп айыпталған лауазымды тұлға бұл жолы пара бергені үшін жазаға тартылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Білім бөлімінің экс-басшысы 25 мың теңге пара бергені үшін істі болды. Аудандық білім бөлімі ғимаратын тексеруге келген қызметкерге экс-шенді кемшілікті көрсетпеу үшін ақша ұсынған.

Ырғыз аудандық соты істі Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі және 367-бабының 1-бөлігі бойынша қарады.

Сотта анықталғандай, Ырғыз ауданының білім бөлімінің басшысы кемшіліктерді көрсетпеу үшін Ақтөбе облысының еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім басшысы М. есімді азаматқа 25 мың теңге көлемінде пара берген. Аталмыш азамат аудандық білім бөлімі ғимаратынан пандус пен тактильді белгілердің жоқтығын анықтаған. Ол бұл кемшілікті көрсетудің орнына лауазымды қызметкердің сыйлығын алған.

Сотталушылар тағылған айып бойынша кінәларын толықтай мойындады. Істі қысқартылған тәртіпте қараған аудандық соттың шешімі шықты.

Ақтөбе облысының еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім басшысы пара алу бабымен кінәлі деп танылды. Оған мүлкі тәркілеусіз, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру және 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Ал Ырғыз ауданының білім бөлімінің экс-басшысы пара беру бабымен кінәлі деп танылды. Оны осыған дейін тағайындалған жазаны ішінара қосып, түпкілікті 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы білім бөлімінің экс-басшысы ауыл тұрғынын мектепке мұғалім ретінде жұмысқа алу үшін 400 мың теңге сұрағаны туралы жазған едік. Айбек Алданов пара алу бабымен жауапқа тартылған болатын.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2049416-aqtobe-oblysynda-para-algany-usin-isti-bolgan-bilim-boliminin-eks-bassysy-zazasyna-tagy-bir-zyl-qosyp-aldy/