1,2 млрд теңге жұмсалғаннан кейін "Көк Төбе" мұнарасындағы жарық қандай болады
Жарияланған күні:
Читать на русскомБүгін Медеу ауданы әкімі Еркебұлан Оразалин "Көк Төбе" телемұнарасын жарықтандыру жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді. Мемлекеттік сатып алу порталы ақпараты бойынша, жарықтандыруға 1,2 млрд теңге жұмсалады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мемлекеттік сатып алу порталы дерегінше, телемұнараны жарықтандыру құны лот бойынша 1 260 060 147,32 теңге. Аталған тендерді "Wisk Telecom Solutions" ЖШС компания жеңіп алды. Мердігер шартқа қол қойылған күннен бастап алты ай ішінде жұмысты аяқтауға тиіс.
"Көк Төбе" телерадио хабарларын тарату мұнарасын сәулеттік-көркемдік жарықтандыру жобасы бойынша ол түнде әсерлі әрі тартымды көрінуге тиіс, негізгі мақсат – оның алыстан көрінуін қамтамасыз етіп, Алматы қаласының көрнекті жеріне айналдыру", - деп жазылған лоттың техникалық спецификациясына байланысты сипаттамада.
Құрылыс талаптары бойынша телемұнараны жарықтандыру энергияны үнемдейтін әрі артық шығынға батырмайтындай болуға тиіс, ол нық және ұзақ мерзімге жетуі керек, қатты жел, суық, ыстық және жауын-шашын, сондай-ақ дауылдық ауа райы кезінде қирамайтындай болуы қажет. Телемұнара әр қилы әсер мен жақсы көңіл-күй сыйлайтындай оның жарығының түсі өзгеріп, жарығы ашық, айқын көрінуі керек.
Телемұнара жарығының түсі мен параметрлерін басқару процесі жеңіл әрі арнайы бағдарлама арқылы өзгеретіндей болуы шарт, оған қоса оның жарығы қоршаған ортаға және телемұнара маңындағы жануарлар мен өсімдіктерге зиянын тигізбеуі керек.
Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған телемұнара тендері лотының сипаттамасында ол кез келген бұрыштан көрінуі керектігі әрі күн мен жыл мезгіліне байланысты жарық көлемі мен түсі реттелуі қажеттігі, сонымен қатар қашықтан басқарылуға тиіс екені жазылған.
Телемұнараға жарық өткізіліп, аталған нысан пайдалануға берілгеннен кейін оған екі жылдық кепілдік талап етілген.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін "Көк Төбе" телемұнарасындағы жарықтандыруды безендіру жұмыстары 2024 жылдың көктемінде аяқталатыны хабарланған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2050440-12-mlrd-tenge-zumsalgannan-keiin-kok-tobe-munarasyndagy-zaryq-qandai-bolady/