Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

2024 жылы қазақстандықтар Токио, Сингапур, Куала-Лумпурға тікелей рейспен ұша алады

Опубликовано:

Паспорт пен ұшақ
Паспорт пен ұшақ. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Келесі жылы қазақстандықтар тікелей рейспен ұша алатын жаңа бағыттар ашылады. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Ел ішіндегі әуе тасымалы едәуір өсті. 51 маршрут бойынша аптасына 644 рейс жасалады. Биыл 16 халықаралық маршрут ашылып, қайта жанданды. Келесі жылы Токио, Сингапур, Куала-Лумпурға және басқа қалаларға жаңа рейстер ашу жоспарланып отыр.

Әуежайлардың инфрақұрылымы да дамыды. Осы салаға келген инвесторлар әуежайларды дамытуға 2,1 миллиард доллар қаражат салды", - деді үкімет басшысы.

Оның айтуынша, Алматыда перронды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жүктерді өңдеу рәсімдерін жетілдіру шаралары қолға алынды. Шымкентте жаңа жолаушылар терминалының құрылысы аяқталуға жақын. Астанада БАӘ-ден келген компания ұшу-қону жолағын реконструкциялауды, карго-терминалын кеңейтуді жоспарлап отыр екен.

"Оған қоса бұл салада шұғыл шешімдерді қажет ететін өзекті мәселелер жоқ емес. Атап айтқанда, негізгі мәселенің бірі - авиаотын тапшылығы, ол жылына шамамен 300 мың тонна. Мәселені шешу үшін отын жеткізу каналдарын әртараптандырып, оны сақтауға арналған тиісті инфрақұрылымды дамыту қажет", - деді премьер-министр.

Отырыста көлік министрі Марат Қарабаевтың баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы 11 айда отандық әуе компаниялары 12,3 млн жолаушы тасымалдаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға артық.

Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 13 млн жолаушыға жеткізу жоспарланып отыр. Әуежайларда қызмет көрсету көлемі 25 пайызға артты. Сонымен қатар әуежайларда қызмет көрсетілген жүктердің көлемі де артты.

"Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 130 мың тонна болды. Өткен жылмен салыстырғанда өсім - 16 пайыз. Әуе тасымалдарына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Келесі жылы Шымкент, Қызылорда және Алматыда жаңа жолаушылар терминалдарының құрылысы аяқталады", - деді көлік министрі.

Нәтижесінде Алматы әуежайының өткізу қабілеті 5 есеге артып, 14 млн адамға дейін, Қызылорданікі 6 есеге артып, 2 млн адамға дейін, Шымкенттікі 7 есеге артып, 6 млн адамға дейін артатыны айтылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2051505-2024-zyly-qazaqstandyqtar-tokio-singapur-kuala-lumpurga-tikelei-reispen-usa-alady/

pixel