Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жеңіс Қасымбек "әкім туралы теріс пікір жазған БАҚ тізімі" туралы сұраққа жауап берді

Опубликовано:

Жеңіс Қасымбек
Жеңіс Қасымбек. Видеодан кадр: Орталық коммуникациялар қызметі

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тілшілердің сұрағына жауап берді. Журналистердің бірі одан "әкім туралы теріс пікір жазған бұқаралық ақпарат құралдарының тізімін жасау" туралы сұрақ қойды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Брифингте тілшілердің бірі Жеңіс Қасымбекке Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың осыған қатысты кеше журналистерге берген жауабын еске салып өтті.

"Күні кеше брифингте Алматы әкімі Ерболат Досаев өздері туралы теріс пікір жазғандарға мониторинг жүргізіліп, мемлекеттік сатып алулар сайтында ресми есеп түрінде жарияланатынын мәлімдеді. Сіз де өзіңіздің әкім ретінде жұмысыңызды білу үшін (БАҚ-қа) мониторинг жүргізіп отырасыз ба?", - деп сұрады журналист Жеңіс Қасымбектен.

Астана әкімі БАҚ-қа мониторинг жүргізілетінін растады. Алайда оның айтуынша, тек әкімдік жұмысына қатысты зерттеу жасалады.

"Бізде ішкі саясат бөлімі мониторинг өткізеді. Жалпы, БАҚ-тың бәрін, интернеттегі ақпараттың бәрін. Маған немесе менің орынбасарларыма, басқаларға байланысты емес, жалпы әкімдік туралы ой-пікір қалай, қандай мәселелер шешілмейді, қай проблеманы ұмытып кеттік, қай проблеманы қазір көтеріп, тездетіп шешуіміз керек, осы мәселелерді ғана қараймыз. Бізде мен туралы, аудан әкімдері туралы ешқандай зерттеу жоқ", - деді Жеңіс Қасымбек.

Еске сала кетейік, кеше Алматы әкімі Ерболат Досаевқа тілшілер өзіне жасалған ақпараттық шабуыл мен БАҚ-қа жүргізілген мониторинг туралы сұрақ қойған болатын. Мегаполис әкімінің айтуынша, БАҚ-ты талдау әкім үшін емес, қала әкімдігінің жұмысы үшін жасалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052117-zenis-qasymbek-akim-turaly-teris-pikir-zazgan-baq-tizimi-turaly-suraqqa-zauap-berdi/

pixel