"Аяз Ата маршы": Алматы көшелерінде Аяз Ата маршы өтті (фото)
Жарияланған күні:
Читать на русскомАлматыда жаңажылдық Аяз Ата маршы өтті. Аяз Ата кейіпіндегі ондаған адам маршты қаланың бас шыршасы орнатылған Абай алаңынан бастаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ертегі кейіпкерлері мегаполис тұрғындары мен қонақтарын келе жатқан Жаңа 2024 жылмен құттықтау мақсатында қала орталығында марш ұйымдастырды.
Аяз Ата маршы Абай алаңынан Достық даңғылының бойымен, одан әрі Қабанбай батыр, Панфилов көшесімен жүріп өтті. Осылайша олар "Астана" алаңына жетіп, маршын аяқтады.
Айта кетейік, мұнда да қала орталығында орналасқан шыршадан үлкен болмаса, кем болмайтын шырша орнатылған. Бұл жерде 31 желтоқсанда негізгі жаңажылдық концерт пен мерекеге орай отшашу болады.
"Балалардың көңіл-күйін көтеріп, ұмытылмас эмоция сыйлағанымызға қуаныштымыз. Қала тұрғындары мен қонақтары маршқа қатысушылармен естелікке суретке түсіп, сауалнамаға жауап беріп, өлең оқыды, сондай-ақ оларға сыйлықтар мен тәттілер берілді", – деп атап өтті Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілдері.
Алматы қаласы Мәдениет басқармасы өкілдерінің айтуынша, аталған Аяз Ата маршы екінші жыл қатарынан өткізіліп жатыр және жаңажылдық дәстүрге айналған. Биыл маршқа 60 адам қатысты.
Сонымен қатар 21 желтоқсаннан бері Абай және Астана алаңында күн сайын танымал әртістердің, live-бэнд пен диджейлердің қатысуымен концерттер, балалар арасында түрлі байқаулар, ойындар әрі аниматорлармен интерактив өтіп жатыр.
27-31 желтоқсан аралығында Жаңажылдық қысқы фестиваль аясында Алматының әр ауданында концерттер ұйымдастырылып, Мөлдір Әуелбекова, Кенжебек Жанәбілов, Әлішер Қонысбаев, Райым Уайс және т.б. қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда салтанатты түрде жаңа жылдық бас шыршаның шамы жағылғаны хабарланған болатын. Абай алаңында өткен шыршаны жағу рәсіміне бірқатар қазақстандық эстрада жұлдызы қатысып, өнерін паш етті.
Сондай-ақ 21 желтоқсанда Алматы әкімдігі қаланы жаңа жылға безендіру үшін жарты миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалғаны туралы мәлімдегенін жазған едік. Кейін қала әкімі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жаңажылдық мерекеге орай қаланы безендіруге жұмсалатын қаржы көлеміне қатысты пікір білдірді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052556-ayaz-atalar-marsy-almaty-koselerinde-ayaz-ata-serui-otti-foto/