Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Үндістанда Әбілхайыр хан туралы қолжазба табылды: тарихшы кітаптың құндылығын айтты

Опубликовано:

Үндістанда табылған қолжазба көшірмесі
Үндістанда табылған қолжазба көшірмесі. Фото: Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы

Күні кеше Үндістанда Әбілхайыр хан туралы кітап табылғаны хабарланды. Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының бас сарапшысы, шығыстанушы маман Алмат Әбсалықов KAZ.NUR.KZ тілшісіне бұл мұра несімен құнды екенін айтып берді.

Маңызды деталь: Тарихтағы аттас қос ханды шатастырып алмауымыз үшін ескерте кетейік: бұл XVІІI ғасырда кіші жүзден шыққан Әбілқайыр хан емес, қазақ хандығы құрылмай тұрғандағы, яғни XV ғасырда қазіргі Қазақстан территориясында хандық құрған Әбілхайыр хан туралы қолжазба.

"Архив 2025" бағдарламасы аясында Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының бір топ ғалымы Үндістанға барып, үнді кітапханаларында сақталған қолжазбалармен танысқан.

Ғалымдардың ерекше қызығушылығын XVI ғасырда жазылған Масуд ибн Усман Кухистанидің "Тарих Әбілқайыр хани" қолжазбасы болды. Бұл қолжазбада бірнеше тізім бар.

"Құнды қолжазбалардың бірі Британ мұражайында сақтаулы. Тағы бір қолжазба Өзбекстандағы Беруни атындағы Шығыстану институтында сақтаулы. Мешхедтегі Астана Құдс Разави кітапханасында бірнеше Кухистанидің қолжазбалары сақталған. Қолжазба тізімдердің бірі Иранның Исфахан кітапханасында сақтаулы. Үндістанға сапарында қолжазбалар мен сирек кітаптар орталығының қазақстандық мамандарының назарын аударған құнды қолжазба – Үндістанның Патна қаласындағы Худа Бахш кітапханасынан алынған қолжазба", - дейді маман.

Бұл - Бихар штатындағы Патна қаласында орналасқан Үндістанның ең ірі ұлттық кітапханаларының бірі.

Үндістаннан табылған кітап мұқабасы
Үндістаннан табылған кітап мұқабасы. Фото: Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы

Әбсалықовтың айтуынша, кітапхананы 1891 жылы хан Бахадур Худа Бахш ашқан. Кітапханада 21 мыңнан астам сирек қолжазба бар.

"Кітапхана парсы, араб, шағатай қолжазбаларының бірегей қорымен танымал. Араб, шағатай, парсы қолжазбаларының жалпы қоры 4 мың дана, оның ішінде 1500-ден астам қолжазба Маулави Мұхаммед Бахштың меншігі болып, кітапханаға сыйға тартылды. Бұл кітапхана Үндістан Мәдениет министрлігіне қарасты. 1969 жылы Үндістан кітапхананы ұлттық қазына деп жариялады. Бұл кітапхана Үндістанның мақтанышы болып саналады", - дейді шығыстанушы маман.

Спикердің сөзінше, құнды қолжазбалардың ішінде Масуд ибн Усман Кухистанидің "Тарих Әбілқайыр Хани" қолжазбасы қазақ зерттеушілерінің ерекше қызығушылығын туғызған.

"Бұл қолжазба 486 беттен тұрады, қатты мұқаба. Реставрациядан кейінгі қолжазба. Кітап 1591 жылдың 23 маусымына сәйкес келетін 999 жылы 2 рамазанның дүйсенбісінде қайта жазылды. Бөлімдер қызыл сиямен бөлектелген. Каллиграфиясы - наста'лик. Қолжазба дүние жаратылғаннан басталып, Шибанид билеушілері билік құрған кезеңге дейін созылады", - дейді Әбсалықов.

Үндістанда табылған қолжазба көшірмесі
Үндістанда табылған қолжазба көшірмесі. Фото: Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы

Маманның айтуынша, кітап үш бөлікке бөлінген. Бірінші бөлім көне заманнан Хорезмшахтардың билік құрған кезеңіне дейін. Екінші бөлім Шыңғыс хан мен Моғолстанға арналған. Үшінші бөлім Тимуридтер мен Шибанидтерге арналған.

"Үшінші бөлім бұл кітаптың ең маңызды бөлімі. Кітап Абд әл Латиф хан ибн Кучиканжу бұйрығымен жазылған және хижраның 947-959 жылдар аралығында жазылған. Қолжазба ол билеушіге сыйлық ретінде ұсынылды. Бұл қолжазба 999 жылы бастапқы тізімнен қайта жазылған. Қолжазбада Әбілқайыр хан қайтыс болғанға дейінгі түрлі билеушілер мен олардың әулеттерінің билік құрған кездері жазылған", - дейді орталық сарапшысы.

Масуд ибн Усман Кухистани өз жұмысын жазғанда Сирадж Жузжанидің "Табакат ан Насирия" еңбегін пайдаланған. Автор өз еңбегін жазған кезде де осындай дереккөздерді пайдаланған:

  • Жувайнидің "Тарих Жахон Гушаи" еңбегі;
  • Шараф ад Дин Әли Йездидің "Зафар намасы", "Тарих Банакати";
  • Рашид Дин Хамаданидің "Джамиу ат Таварих" еңбегі.

Бұл қолжазбаның көшірмесін бізге Үндістанның мәдени орталығы Үндістан елшілігімен бірге сыйға беріпті.

Қолжазбаның елге жеткізілген көшірмесі
Қолжазбаның елге жеткізілген көшірмесі. Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі сайты

Еске салайық, кеше, 25 желтоқсанда Астанадағы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында "Үндістан қорларындағы Орталық Азия және Қазақстан тарихына қатысты көне қолжазбалар мен архивтік деректер" атты ғылыми семинар өткен.

Жиынға Қазақстан Республикасындағы Үндістан елшілігі Свами Вивекананда мәдени орталығы, Әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ "Жазба жәдігерлер және рухани мұра" ғылыми зерттеу орталығы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдары мен тарихшылар қатысты.

Семинарда "Архив-2025" жобасы аясында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Үндістаннан елге жеткізген тарихи қолжазбалар мен құжаттарды ғылыми айналымға енгізу, Үндістан қорларындағы әлі де анықталмаған Қазақстан және Орталық Азияға қатысты маңызды тарихи құжаттарды жинау және зерттеу мәселелері талқыланды. 

Бұған дейін Үндістанға көшкен 3 мың қазаққа қатысты тың деректер табылғаны хабарланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052676-undistanda-abilxaiyr-xan-turaly-qolzazba-tabyldy-tarixsy-kitaptyn-qundylygyn-aitty/

pixel