Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жүргізуші мен жолаушылар арасы бөлініп тұруы керек": Еңбек министрлігі Алматыдағы автобус апатына қатысты түсінік берді

Жарияланған күні:

Читать на русском
Алматыда автобус бір топ адамды қаққан жер
Алматыда автобус бір топ адамды қаққан жер. Фото: NUR.KZ/Юлия Абрамова

Үкіметте өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Алматыда бірнеше адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Жұмыс орнын ұйымдастыру шарттарына сәйкес жұмыс беруші жұмыс орнын қамтамасыз етіп, жүргізуші мен жолаушылар арасы бөлініп тұруы керек. Бұл жұмыс берушінің ең бірінші орындайтын, ең қажетті әрекеті болуға тиіс.

Тасымалдау және көліктегі жұмыс өте жоғары кәсіби тәуекелге жатады. Кезінде Қазақстанда әйелдер жұмыс істеуге болмайтын мамандықтардың тізімі де болған. Әрі қарай біз бұл мәселені қарастырған кезде біздің қоғамда барлығы тең құқықты деген гендерлік талапқа байланысты бұл тізім күшін жойған еді", - деді министр.

Оның айтуынша, қазір барлық мамандық қолжетімді. Сондықтан жұмыс берушінің міндеті - ең алдымен жолаушының да, жүргізушінің де қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

"Жүргізуші зардап шекті, жарақат алды, сәйкесінше, жұмыс беруші барлық қызметкерін оқыс оқиғалардан сақтандырған болса, онда ол сақтандыру компанияларынан төлем алуы керек", - деді Светлана Жақыпова.

Алматыдағы автобус апаты

Еске салайық, 22 желтоқсанда Алматыда №7 аурухана маңында автобус аялдамада тұрған бір топ адамды қағып өткені хабарланған еді. Кейін қалалық ПД өкілдері оқиғаның жай-жапсарын айтты.

Оқиғадан 7 адам зардап шеккен, олардың үшеуі жедел жәрдем келгенше оқиға орнында қаза болған. Төрт адам ауруханаға жатқызылған. Олардың ішінде 15 жастағы бала бары айтылады.

Сонымен қатар жүргізуші әйелді ұрған жолаушыға қатысты екі бап бойынша іс тіркелгені хабарланды. Ол қамауға алынған. Кейін автобус адамдарды қағып өткен сәттің видеосы жарияланды. Одан кейін желіде апат кезінде автобус салонында болған жағдай көрсетілген ролик тарап кетті.

Бүгін дәрігерлер зардап шеккен төрт адамның жағдайын айтып берген еді: олардың үшеуі медициналық мекемеде ем алып жатыр. Жүргізушіге шабуыл жасады деген күдікті 2 айға қамауға алынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2052688-zurgizusi-men-zolausylar-arasy-bolinip-turuy-kerek-enbek-ministrligi-almatydagy-avtobus-apatyna-qatysty-tusinik-berdi/