Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үйден жұмысқа шыққан сайын тыныштық тілеп шығамыз": Ақтөбеде өрт сөндіруші "жыл адамы" атанды

Жарияланған күні:

Дастан Тлеуқұлов
Дастан Тлеуқұлов. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде жалындап жанған өрт ішінен газ баллонын алып шығып, жарылыстың алдын алған өрт сөндіруші жыл үздіктерінің қатарынан табылды. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров бейбіт күннің батыры Дастан Тлеуқұловтың омырауына "Жыл адамы" медалін тақты. Жанқиярлық ерлік көрсеткен өрт сөндіруші KAZ.NUR.KZ тілшісіне жұмысы туралы айтып берді.

Дастан Тлеуқұлов - Ақтөбедегі ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің аға өрт сөндірушісі. 33 жаста. Ол мұнда 2013 жылдан бері қызмет етеді.

"Адамдардың өмірі үшін жауаптымыз. Өлім мен өмір арасында қалған жандарды құтқаруға тиіспіз. Бұл - біздің қызметіміз. Адамды құтқару - ерекше сезім, жүрегің қуанады. Бірақ барлық кезде қуана алмайсың. Өрт ішінен марқұмдардың денесін алып шығатын кездер болады. Жансыз денені алып шығу, сыртта тұрған туысқандарының шарасыздығын көру өте ауыр. Қауіпсіздік талаптарын сақтап, жылдам әрі салқынқанды шешім қабылдау маңызды", - дейді өрт сөндіруші.

Өрт сөндірушінің айтуынша, облыс үздіктерінің қатарына биыл көктем айында болған өрт оқиғасы кезінде қырағы әрі жылдам әрекеті үшін іліккен.

Асхат Шахаровтың қолынан марапат алған өрт сөндіруші
Асхат Шахаровтың қолынан марапат алған өрт сөндіруші. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Ол кезде жеке үйден өрт шыққаны туралы шақырту болды. Барған кезде үй толық өртеніп жатты. Ішінде газ баллоны бар екені айтылды. Ол ыстық жерде қалса жарылады. Ойланатын уақыт жоқ. Жарылыстың алдын алу үшін бірден ішке кірдім, салқын жерге алып шықтым. Жарылған күнде көп зияны болар еді", - дейді ол.

Өрт сөндірушінің бір күні тыныш, бір күні қарбалас. Дабыл қағылған сәтте бір минут ішінде жиналып, оқиға орнына шығып кетуі тиіс. Өзгелердің өмірі үшін отқа түсіп жүрген оның бұл мамандыққа бала күннен-ақ аңсары ауған. Бұл салада тек өз мамандығын шексіз жақсы көретін таңдауына адал қызметкерлер жұмыс істей алатынын айтады.

"Бұл мен үшін бала күннен армандаған мамандық. Әскерден келе сала жұмысқа кірдім. Жоғарғы оқу орнын сырттай бітірдім. Бірінші кездерде өлімді көру қиын еді. Құшақтап алып келе жатқан жансыз дененің суығы ыстық өрт ішінен сезіледі. Ауыр болатын. Тәжірибе жылдар бойы жиналады. Барынша адам өмірін құтқаруға асығасың. Адамдар қарапайым қауіпсіздікке көп мән бермейді", - дейді өрт сөндіруші.

Дастан Тлеуқұлов осы орайда жұмыс барысындағы есінде қалған ауыр сәттерді баяндап берді.

"Түрлі оқиға болады. 2023 жылдың 31 желтоқсан күні кезекшілікке түстім. Терезені сындырып екі жансыз денені алып шықтық. Анасы мен қызы иістен уланған. Біреуі есіктің алдына дейін еңбектеп барған. Екіншісі жуынатын бөлмеге дейін жеткен. Өте ауыр оқиға. Тағы бір оқиға болды. Өрт кезінде ересек адам керуеттің астына кіріп кеткен. Сол күйі қатып қалған. Сыртта баласы "іште анам қалды" деп жылап тұрды. Жақынынан айрылып шарасыз жылаған жандар болмаса дейміз. Үйден жұмысқа шыққан сайын тыныштық тілеп шығамыз. Үйге оралмауым да мүмкін екенін әр сәт есімізде жүреді", - дейді ол.

Ақтөбеде өткен жыл үздіктерін марапаттау шарасы қарапайым мұғалім, дәрігер, агроном, электромонтер, спортшы секілді жыл ішінде түрлі жетістікке жеткен азаматтарды қолдаумен жалғасты.

"Бұл азаматтардың еңбегі орасан. Ол еленуі керек. Жылдың аяқталуына санаулы күндер қалды. 2023 жыл өңіріміз үшін табысты жыл болды. Президент бірқатар тапсырма берді. Еңбек азаматтарына қолдау білдірді. Алдағы жылы ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Бюджет қаражатын ең өзекті мәселелерге бағыттап отырмыз. Елдің әл-ауқатын арттыруға күш салуға тиіспіз",- дейді Шахаров.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2053100-uiden-zumysqa-syqqan-saiyn-tynystyq-tilep-sygamyz-aqtobede-ort-sondirusi-zyl-adamy-atandy/