Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында 127 млн теңгеге қазылған су ұңғымасы бірнеше айдан кейін құрғап қалған

Жарияланған күні:

Су ұңғымасы
Видеодан кадр: КТК телеарнасы

Түркістан облысында "тәтті су ішіп отыр" деп есеп берілген бес ауыл құдық суын қанағат қылуда. Кеңес үкіметі тұсында суы жарамсыз делінген Бадам ауылына қарасты бірнеше елдімекенде 2012 жылы 127 миллион теңгеге ұңғыма қазылып, таза сумен қамтылды деп қағаз толтырылған. Бірақ ол ұңғымадан шыққан су бірнеше айдан кейін құрғап қалған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарна ақпаратынша, Бадам ауылына қарасты Ордабасы, Ұзынбұлақ, Қылышбұлақ, Баянбұлақ пен Таңбалыбұлақ ауылдарының атауы бұлақ болғанымен, тұрғындары суға жарымаған.

Кеңес үкіметі тұсында мұндағы өзен суы зерттеліп, "ішуге болмайды" деген қорытынды шығарылған. Содан ауыл басынан 127 миллион теңгеге ұңғыма қазылып, су мәселесі шешілгендей болған. Бірақ жерасты суы бірнеше айдан кейін тартылып қалыпты.

"2012 жылы мұнара салынған. Сол кезде "тәтті су ішіп отыр" деп есеп берілген. Одан кейін сүзгі қойды, ол екі ай ғана істеді. Сол уақыттан бері өзіміздің құдықтан тұщы суымызды ішіп отырмыз. Ауыл-ауыл, төрт бұлағымыз бар. Төрт ауыл құдықтан ішіп отырмыз". - деді тұрғын Қалдарбек Қынашев.

Арна тілшісінің айтуынша, тұрғындар дәмі кермек татитын сапасыз құдық суының кесірінен балалар жиі ауырып, түрлі тері ауруына ұшырап отырғанын мәлімдеген.

Ал аудан билігі былтыр 94 миллион теңгеге тағы су жүйелерін жүргізбекші болыпты. Жазда келген жұмысшылар төрт ауылдың шетін қазып, кей жерлерге құбыр тастаған. Бірақ сол күйі жұмыс аяқталмаған. Енді суға зәру тұрғындар айнала қазылған орға жығылып жатыр екен.

"Ішіне түсіп жатқан жылқыларды көрдім. Түрегеп тұр, бірақ шыға алмайды. Не былай бара алмайды, бір айғыр түсіп кеткен, ол кептеліп тұр сол жерде. Міне, қолмен қазып жүріп шығарып алдық. Ұсақ мал шыға алмайды. Төрт жасар ауылдасымның баласы ойнап жүріп ішіне түсіп кетті, шыға алмай, шырылдаған дауысын естіген басқа балалар жүгіріп келіп шығарып алды", - дейді тұрғын Ережеп Сәрсенбайұлы.

Бұл ретте аудан билігі 127 миллиондық су мұнарасы, біріншіден, барлық ауылға су бере алмайды дейді. Екіншіден, сүзгісі істен шығыпты. Сондықтан қымбат болса да, тағы 94 миллион теңге бөлінген.

"Бұл жерде кемшілік мердігер есебінен. Бірақ ол жерде судың қысымын тексеріп көреді, желі жарылса, қайта қазуға тура келеді. Суды қазір жеткізіп береді. Су кеткен жерін қайта қалпына келтіреді. Үш күннің ішінде қайта көмеді", - деді Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл.

Жарты жыл бойы қазулы жатқан ор тұрғындар шулаған соң дереу көміле бастаған. Бірақ есеп жүзінде тұщы су ішіп жатқан жұрттың тәтті суға тек биыл жыл ортасында ғана қолы жетеді.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2053809-turkistan-oblysynda-127-mln-tengege-qazylgan-su-ungymasy-birnese-aidan-keiin-qurgap-qalgan/