БҚО-да шалғайда жатқан ауылда жаңа мектеп ашылды
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде үшауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу жұмыстары Батыс Қазақстан облысында жүйелі жүзеге асырылып жатыр. Былтырдың өзінде 27 нысанның құрылысы басталса, соның жартысынан көбі тапсырылды. Құрылыс жұмыстары облыс орталығынан ең шалғайда жатқан елді мекендерде де қызу жүріп жатыр. Соның ішінде шекара іргесінде орналасқан Жәнібек ауданының Ақоба ауылында осындай әлеуметтік жоба жүзеге асты.
Бұл ауылдағы Х.Халиуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің ескі нысаны 1929 жылы салынған. Бейімделген ғимаратта оқу кабинеттері жабдықталмаған. Ал спорт залы атымен жоқ еді. Енді жаңадан бой көтерген 108 орындық ғимаратта балалардың білім алуына жан-жақты қолайлы жағдай жасалған. Мұнда 14 оқу кабинеті, кітапхана, 70 орынға арналған шығармашылық залы және 40 орындық асхана бар. Мектеп ауласында футбол, баскетбол, жүгіру және әскери жаттығу алаңдары жабдықталған. Білім ордасында 111 бала оқиды. Мектепалды даярлық тобында тағы 10 бала бар. Оқушыларға 31 педагог сабақ береді.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес "Жайлы мектеп" жобасы қолға алынды. Соның аясында 2025 жылға дейін 800 мың орынға арналған жаңа мектеп ғимараттарын салу жоспарланды. Бағдарламаның игілігін көрген ауылдардың бірі осы Ақоба ауылы болып тұр. Ғимараттың жалпы ауданы 1500 шаршы метрден асады. Құрылыс жұмыстары "КПО б.в" компаниясының әлеуметтік аударымдары есебінен қаржыландырылды. Енді Х.Халиуллин атындағы мектептің оқушылары үшінші тоқсаннан бастап жаңа мектепте оқиды" , - деді облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов.
Көптен күткен қуанышқа кенелген ауыл тұрғындары ризашылықтарын білдірді.
"Ауылдың жағдайы жақсарса, келешекке сеніммен қарауға болады. Инфрақұрылымды дамытып, әлеуметтік нысандар салу арқылы жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге мүмкіндік туады. Білім беру саласында да жарқын істерге куә болып жатырмыз. Балаларымыз енді қолайлы ғимаратта оқитын болды. Өте қуаныштымыз! Ауылдық жерлерде осындай жұмыстар одан әрі жалғаса берсін", - деді ауыл тұрғыны Мұрат Мұхамбетқалиев.
2024 жылы облыста "Жайлы мектеп" жобасы аясында 9 мектеп қолданысқа беріледі. Ал келер жылы тағы 9 жаңа мектеп есігін айқара ашпақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054125-bqo-da-salgaida-zatqan-auylda-zana-mektep-asyldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.