"Денесін қайнаған суға күйдірген": Алматы облысында зәбір көргенін айтқан қыздың асырап алған анасы өз шындығын айтты
Жарияланған күні:
Жақында әлеуметтік желіде асырап алған әйелден зәбір көргенін айтқан Алматы облысының тоғыз жасар тұрғынының бейнежазбасы тараған еді. Ал қызды қамқорлығына алған әйел оған қол ұшын тигізбегенін, қызды бұрынғы әріптестерінің бірі жалған сөйлеткізіп, бейнекамераға жазып алғанын айтады. Бұл туралы КТК телеарнасының сайтында хабарланды.
Телеарна тілшісінің мәліметінше, тоғыз жастағы қызды асырап алған әйел Еңбекшіқазақ ауданы Ташкенсаз ауылындағы мектептің бірінде география пәнінен сабақ береді. Қызды қолына биыл жазда алған.
Ал зәбір көргенін айтқан жасөспірімнің мәлімдемесі шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
"Ыстық сумен күйдірсем, денесі күлдіреп тұратын еді. Құлағындағы жара мен шашының түсіп қалуы — теміреткімен ауырғанынан. Ал оның ұрды-соқты деп зудыратқанына тоқталсақ, оған біреудің жаттатқызғанын көруге болады. Менің ойымша, бұл — маған қас адамдардың әрекеті", - дейді қыздың асыраушысы.
Ол кезінде мектепте оқу ісінің меңгерушісі болған. Сол себепті қас адамдар көп деп есептейтінін жеткізді. Асырап алған қызын осыдан үш күн бұрын аулада ойнап жүрген жерінен бұрынғы әріптесі алып кетіп, өзіне қарсы пайдаланды деп отыр. Бұған қоса қыздың психологиялық ауытқуы бар екенін айтты.
"Оның өзіндік қиялы бар. Өмірге басқа көзқараспен қарайды. Мұны психологтар дәлелдеген. Жазда үйге алып келген күні ылғи бір нәрседен қорқып жүрді. "Не болып қалды?" деп сұрасам, "маған тиісетін ер адамнан қорқамын" деп айтады. Психолог болса, мұның бәрі оның қиялында деді. Ол өте көп алдайтын", - дейді қыздың асыраушысы.
Ал "зәбір көрдім" деген қызды ауруханаға апарған аудандық білім бөліміндегілер дәрігерлердің берген қорытындысынан кейін баланы отбасынан тартып алған.
"Сол кезде дәрігермен сөйлестім. Балада гематома болды. Сырылғандары. 4-5 күн бұрын болған жарақаттар деп. Сөйтіп ол кісілер бізге заключения жазып берді. 1 күнге больницаға жатқыздық. Келесі күні патронаттық тәрбиешісінен баланы тартып алу әрекетін жасап "Жанұяға" қайтадан апарып орналастырдық", - дейді Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Зарина Бөлекбаева.
Бұл дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кеткен.
"Қазіргі уақытта іс бойынша барлық қажетті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Олардың кейбіреулері бойынша қорытындысы дайын. Сондай-ақ мүдделі адамдардың тізімі белгілі болды. Жақын арада қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталады", - дейді Алматы облысы ПД бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.
Дереккөз: КТК арнасы
Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерде асыраушысынан зәбір көрдім деген баланың видеосы таралып, оқиғаға қатысты балалар омбудсмені Динара Зәкиева пікір білдірген еді.
Желідегі жариялымда баланың денесін қайнаған сумен күйдіргені, ұрып-соққаны содан денесінде көгерген іздер қалған айтылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054502-denesin-qainagan-suga-kuidirgen-almaty-oblysynda-zabir-korgenin-aitqan-qyzdyn-asyrap-algan-anasy-oz-syndygyn-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.