800 аққу өлі табылған: Маңғыстауда қонақүйге қатысты тексеріс басталды
Жарияланған күні:
Маңғыстау облысында 800-ден аса аққу өлгеннен кейін сарапшылар Қаракөлде ластаушы заттардың шамадан тыс көп екенін анықтап, қонақүйге қатысты тексеріс бастады, деп хабарлайды өңірлік Lada.kz.
Жаңа мәліметтер бойынша, өткен жылдың аяғынан бері Маңғыстау облысындағы Қаракөлде 826 аққу өлген. Олардың өлексесі көлдің жағасынан табылған.
Экология министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Қаракөл көліне түсетін су шығарындыларына мониторингтік зерттеулер жүргізу барысында ластаушы заттардың шамадан асып кеткені анықталғанын хабарлады.
Осы мәліметтер негізінде Rixos Aktau қонақүйіне қатысты жоспардан тыс тексеру басталды. Қазір құстардың өлімін тергеу жалғасып жатыр.
"Маңғыстау облысы экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау қызметкерлері Қаракөл көліне түсетін су шығарындыларына мониторингтік зерттеулер жүргізу барысында көлге төгілетін сулар бойынша ластаушы заттардың асып кеткенін анықтады. Осы мәліметтер негізінде Rixos Aktau жоспардан тыс тексеру басталды.
Заңбұзушыларға қатысты барлық тексеру шарасы аяқталғаннан кейін инспекторлық ден қоюдың тиісті шаралары қабылданады және әкімшілік істер қозғалады", - деді ҚР ЭТРМ экологиялық бақылау және реттеу комитетінің төрағасы Жомарт Әлиев.
Экология вице-министрі Нұркен Шарбиев Қаракөлде аққулар мен олардың популяциясын бақылау күнделікті жүргізілетінін мәлімдеді.
Еске салайық, былтырғы желтоқсанның аяғында Қарақия-Қаракөл табиғи қорығының инспекторлары өлген 30 аққуды тапқан еді. Кейін Қаракөл көлінде өлген аққулардың саны 600-ден асты. Бұл мәселені облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жиын барысында көтерген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054729-800-aqqu-oli-tabylgan-mangystauda-qonaquige-qatysty-tekseris-bastaldy/