Павлодар облысындағы автобус құлап кеткен кенішке қазуға арналған техника жеткізілді
Жарияланған күні:
Павлодар облысындағы автобус құлап кеткен "Майқайыңалтын" АҚ аумағына қазуға арналған техника жеткізілді. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, жұмыстарға шағын экскаватор тартылған, оның жалпы салмағы 3,5 тонна. Ол ауыр техника жол ашқаннан кейін, шұңқырдың түбінде қазба жұмыстарын жүргізуге қатысады.
"Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары шұңқырдың түбінде маркшейдер рейкасын орнату және автобустың болжамды орналасқан жерін сигналдық лентамен белгілеу бойынша жұмыстар жүргізді.
Техниканың өтуі үшін бағаналы жолды кеңейту жұмыстары жалғасуда. Жалпы опырылған жерден 110 мыңнан астам тонна топырақ пен тау жыныстары шығарылды", - делінген хабарда.
Сонымен қатар жазатайым оқиғаның себептерін тергеу жөніндегі комиссияның жұмысы жалғасып жатыр. Комиссия мүшелері жерасты тау-кен қазбаларына жерүсті опырылу әсерін анықтау мақсатында жерасты кенішін шахтаға түсірген.
"Жерасты кенішінің пайдаланылған тау-кен қазбаларына қолжетімділікті жүзеге асыру үшін тау-кен массасының опырылу орындары мен масштабтарын көзбен анықтау мақсатында пайдаланылған тау-кен қазбаларындағы бетон көпірлерін талдау жұмыстары жүргізілді.
Іздеу жұмыстарына барлығы 142 адам, 50 техника, 3 кинологиялық есептоп және 2 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды", - дейді құтқарушылар.
Карьерге құлаған автобус оқиғасы
Еске салайық, Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні Майқайың кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді. Олардың денесі жер бетіне шығарылды.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, автобуста 4 адам болған - Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының Павлодар филиалының 3 қызметкері мен автобус жүргізушісі.
5 қаңтарда Асайын Байханов оқиға орнынан видео жариялады.
Павлодар облыстық полициясы "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апатқа қатысты тергеуді бастады. Кейін Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті автобус құлап кеткен "Майқайыңналтын" АҚ аумағында жүргізіліп жатқан іздеу-құтқару жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2055083-pavlodar-oblysyndagy-avtobus-qulap-ketken-keniske-qazuga-arnalgan-texnika-zetkizildi/