Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Құранды қолмен жазып шыққан әйгілі саудиялық каллиграфтың ата-тегі қазақ па: отандық дінтанушы сұхбат берді

Опубликовано:

шейх Осман Тоһаның шаңырағында
Аманкелді Еренғайыпұлы шейх Осман Тоһаның шаңырағында. Фото: Аманкелді қажы Еренғайыпұлы

Жақында отандық қажылық компаниясының президенті, дінтанушы Аманкелді қажы Еренғайыпұлы қасиетті Құран кітабын қолмен жазған әйгілі каллиграф шейх Осман Тоһаның қазақ екенін сүйіншілеп, желіде видео жариялады. Мәдина қаласында тұратын шейхтің шаңырағында болып қайтқан дінтанушы оны каллиграфтың өз аузынан естігенін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Аманкелді қажы шейх Осман Тоһаның кім екенін, не үшін араб әлеміне танымал екенін бертінге дейін білмеген. Айтуынша, ол - Сауд Арабиясында жыл сайын миллиондаған тиражбен басылып шығатын Құран кітабын және оның бірнеше тілдегі аудармасын қолмен жазған әйгілі каллиграф. Қазір 93-ке келді.

"2010 жылы Сауд Арабиясы королінің шақыруымен қасиетті қағбаға кіріп дұға ету мәртебесіне ие болдым. Сол кезде шейх Осман Тоһамен бір топта болдық, менің бір бақылағаным - бұл кісімен адамдар амандасып, қолын сүйіп жатты. Мен де амандастым, танымайтын адам болғаннан кейін қолын сүйе алмадым. Олардың не үшін сүйіп жатқанын білмедім. Сондағы бір кісіден сұрап едім, ел құрметтеп жатқан шейх Осман Тоһа екенін айтты. Кейін, 2020 жылы әлеуметтік желіден шейх Осман Тоһа туралы видеоны байқап қалдым. Бұл кісі қасиетті Құранды қолымен жазған екен. Сауд Арабиясында Мәдина қаласында Фахд ибн Абдул-Азиз атындағы кітап баспасы бар. Мен бұрын Құран кітаптың бәрі компьютерлік шрифтермен терілген деп ойлайтын ем. Сөйтсем сол баспаханадан шыққан кітаптар бұл кісінің қолымен жазылған екен, соны Құран қылып шығарған. Мұны білгенде бәрі қолын сүйіп жатқан кезде неге мен сүймедім екен деп өкіндім", - дейді дінтанушы.

Одан кейін пандемия басталып кеткендіктен Осман Тоһамен жолығудың реті келмеген. Тек 2023 жылы барған кезінде күтіп алған шейх ол кісінің Мәдина қаласында екенін және үйіне жиі барып тұратынын айтқан. Қажы сол шейхке Осман Тоһамен кездесуді ұйымдастырып бер деп қолқа салған.

Жақында дінтанушы Осман Тоһаның шаңырағында болып қайтты.

шейх Осман Тоһаның шаңырағында
Шейх Осман Тоһаның шаңырағына барған қажылар. Фото: Аманкелді Еренғайыпұлы

"Шейх Осман Тоһаның үйіне кірген кезде араб тілінде амандастық. Арабша сөйлеп тұрсам, Аллаға шүкір, жақсымын, деп маған қазақша жауап берді. Өзім де түсінбей қалдым. Сөйтсек ол кісі бізді көріп, бабасын көргендей болыпты. "Менің бабамның түрі сендерден аумайтын, менің бабам Яссыдан (Түркістан қаласы - ред.еск.) 150 жыл бұрын Сирияға көшіп кеткен деді. Сөйтіп қолын алуға зар болған кісінің қазақ боп шыққанын естігенде тіпті разы болдық", - дейді Аманкелді Еренғайыпұлы.

Осы ретте Аманкелді Еренғайыпұлы Осман Тоһа өзінің қазақ екенін неліктен еш жерде айтпаған себебін пайымдап көрді.

"Менің ойымша, бұған дейін ол кісі еш жерде қазақтармен кездескен жоқ. Бізді, қазақ шапанын көрген кезде бабасы қазақ екені есіне түсті деп ойлаймын. Тіпті қазақ шапанын кигенде рухани қуат алды. 10 минут қана қабылдайды деген кісі 2,5 сағат бойы бізді жібермеді", - дейді ол.

Кетер кезде дінтанушы шейх Осман Тоһаны Қазақстанға шақырғанын айтады.

"Бұл кісі шынында да үлкен құрметке лайық. Араб болып кетсе де, тілін ұмытпаған, өзінің тегін ұмытпаған. 1934 жылы Сирияда туып-өскен, анасы араб. Бірақ қаны - қазақ. Сондықтан да бұл кісіге үкімет назар аударуы керек, елге алдыртқанымыз дұрыс. Түркістанды көрсетуіміз керек, президент қабылдауы керек. Бір сөзбен айтқанда, осы кісі қазақ екенін дәлелдеуіміз керек. Атына көше, мешіт, медресе берсе болады", - деп ойын түйіндеді қажылық компаниясының президенті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2055709-qurandy-qolmen-zazyp-syqqan-aigili-saudiyalyq-kalligraftyn-ata-tegi-qazaq-pa-otandyq-dintanusy-suxbat-berdi/

pixel