Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Баламды тауып берсін": "Майқайыңалтын" шахтасына құлап кеткен құтқарушының әкесі жанайқайын айтты

Опубликовано:

"Майқайың-алтын" шахтасы
Оқиға орны. Фото: instagram.com/pavlodar_tjd

Павлодарда шахта астында қалған екі құтқарушы әлі табылмады. Екі аптадан бері жүргізілген іздеу жұмыстары нәтиже бермей тұр. Ал шахта маңындағы тұрғындар баспанамыз опырылып кете ме деп қауіптеніп отыр, деп хабарлайды Astana TV арнасы.

"Майқайыңалтын" шахтасында құтқарушылар мінген автобус опырылған жерге құлап кеткен болатын. Салдарынан көлік ішіндегі 4 азаматтың екеуі қаза тапты. Ал тағы екеуін табу мүмкін болмай тұр. Тереңдігі 66 метр болатын шұңқырдан автобусты аршып алу қиындық тудырған. Ал жер астында қалған құтқарушылардың туыстары іздеу жұмысына көңілі толмайды.

"Менің баламды тауып берсін. Басқа ештеңе сұрап тұрған жоқ бұлардан. Менің жағдайымды ешкімнің басына бермесін", - дейді жоғалған құтқарушының әкесі Әлібай Қанкин.

Ал тағы бір құтқарушының туысы оның кәмелетке толмаған бес баласы барын айтты.

"Мынау енді масқара ғой. 66 метр жерге жете алмау деген. Апталдай екі азамат жатыр. Бауырымыздың 5 баласы бар кәмелетке толмаған. Қан жылап, әкесі мен шешесі отыр", - деді жоғалған құтқарушының туысы Нұрбақыт Сансызбай.

Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықов жағдай қиын екенін, мұндай операция бұрын болмағанын айтты.

"Құтқарушыларымыз бен мамандар өте күрделі жағдайда жұмыс істеп жатыр. Күн суық. Құтқарушылардың да өміріне қауіп төніп тұр. Себебі, топырақ жылжыса, ондағы жұмыс істеп жатқан техника жерге түсіп кетуі мүмкін. Барлық қауіпсіздік сақталып жатыр. Автобус жатқан ықтимал жерге жақындадық. 2 мың текше метр топырақ шығарылды. Енді эскалатор жұмыс істеп, ақырын топырақты шығарып жатырмыз", - деді Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықов.

Бұл жағдай Майқайың кентінің тұрғындарын дүр сілкіндірді. Енді олар үйіміз опырылып кете ме деп қауіптеніп отыр. Өйткені, баспаналар шахтаға тым жақын орналасқан. Бар-жоғы 500 метр ғана. Ал мұнда 100-ге жуық үй бар.

"Қорқынышта үрейде отырмыз. Үй деген жарылып тұр. Дүңкілдесе сылақ деген түсіп тұр. 6 бірдей балам бар пәтер жалдап алайын десем. Қыс ішінде қайда барарымды білмей отырмын", - дейді тұрғын Кәжен Сынғадоллақызы.

Телеарна мәліметінше, Кентте 10 мыңнан астам тұрғын бар. Оның 1 мыңы осы "Майқайыңалтын" АҚ шахтасында жұмыс істейді. Бірақ, осы кезге дейін кәсіпорын жұмысшыларына ешқашан үй салмапты. Тіпті, балалар алаңын да тұрғызбаған. Акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр елінде орналасқан компанияға тиесілі.

Еске сала кетейік, бұған дейін оқиға орнынан олардан құтқарушылардың жол сөмкесі мен автобустың бір бөлшегі табылған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056102-balamdy-tauyp-bersin-maiqaiyn-altyn-saxtasyna-qulap-ketken-qutqarusynyn-akesi-zanaiqaiyn-aitty/

pixel