Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тағдырын білмейміз": сенатор 1999 жылға дейін шетелдіктер асырап алған балалар туралы зерттеу жүргізуді ұсынды

Жарияланған күні:

Дархан Қыдырәлі
Дархан Қыдырәлі. Видеодан кадр: senate.parlam.kz

Бүгін сенаттың жалпы отырысында бір топ депутат үкімет басшысы мен бас прокурорға шетелдіктер асырап алған балалардың тағдыры туралы депутаттық сауал жолдады. Онда сенатор Дархан Қыдырәлі 1999 жылға дейін шетелге кеткен балалар туралы зерттеу жүргізу туралы ұсыныс білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі сауалында Бас прокуратура шетел асқан балалар туралы 2014 жылы арнайы тексеріс жүргізгенін, алайда оның нәтижесі беймәлім екенін айтты.

"Айталық, Оңтүстік Африка республикасы, Кения, Филиппин, Мексика, Мальта, Аргентина сияқты елдерге кеткен 120 бала бақылауға алынды ма? Бірыңғай мәліметтер жүйесі құрылды ма? Жауап күтетін сауалдар көп", - дейді депутат.

Осы ретте сенатор журналист Жанар Байсемізова жүргізетін "Шетелдегі қазақ балалары" жобасын атап өтіп, жақында қоғамда резонанс туғызған бельгиялық әйел асырап алған Жәнібек Савельевтің оқиғасын мысалға келтірді.

Қазақстан шетелдіктер асырап алған балалардың құқықтарын қорғау мақсатында 2010 жылы балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық конвенциясын ратификациялады. Депутат Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйеніп, конвенцияға қол қойғалы бері шетелдік азаматтар 158 баланы асырап алғанын айтты. Соның ішінде 2013-2019 жылдары 157 бала шетел асса, соңғы 4 жылда бір бала сыртқа шыққан.

"Көрсеткіштің күрт төмендегені, әрине, қуантады. Конвенцияға қол қойғанға дейін 1999-2011 жылдар арасында шетелдіктер 8805 баланы асырап алған. Олардың 5217-і қазір кәмелеттік жасқа толуына байланысты есептен шығарылған. Кәмелетке толмаған 3588 бала туралы есеп алынып тұрады", - дейді Дархан Қыдырәлі.

Депутаттың айтуынша, өкінішке қарай, есеп бермейтіндер де аз емес.

"Мәселен Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баладан хабар-ошар жоқ, сол сияқты АҚШ-тағы 104, Бельгиядағы 113 баланың тағдырын білмейміз. Ең сорақысы, 1999 жылға дейін елімізден қанша жетім баланың шетелге кеткені туралы мүлде мәлімет жоқ. Талай тағдырларды талқандаған 1990 жылдардағы безбүйректердің наласы жазылар, ал баланың наласы мен обалы кімге", - дейді ол.

Осыған орай бір топ сенат депутаты бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиевамен кеңесе отырып, төмендегідей ұсыныстар берді:

  • 1999 жылға дейін шетелге кеткен балалар туралы зерттеу жүргізу
  • Санда бар санатта жоқ балалар туралы мәлімет-деректерді жаңалау
  • Шетел асқан балаларға тегінен ажырамас үшін түрлі үйірмелер арқылы қолдау көрсету, қажет болса ата-аналарын табуға көмектесу.
  • Олар ата-аналарын көріп тұрулары үшін ведомствоаралық келісімдер жасау, елшіліктер арқылы қолдау.
  • Кәмелет жасына толған балалар қалаған жағдайда Қазақстан азаматтығын алуы үшін олардың таңдауына көмектесу.

Депутат заңға сәйкес, жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша премьер-министр мен бас прокурордан толық жауап беруін сұрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056153-olardyn-tagdyryn-bilmeimiz-senator-1999-zylga-deiin-seteldikter-asyrap-algan-balalar-turaly-zertteu-zurgizudi-usyndy/