Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында қарда жалаңаяқ жүгірген балабақша тәрбиеленушілері тұрғындарды шошытты (видео)

Опубликовано:

Қар бетінде жүгіріп жүрген балалар
Қар бетінде жүгіріп жүрген балалар. Видеодан кадр: instagram/do40baldauren

Желіде Ақтөбе облысындағы балабақшалардың бірінің тәрбиеленушілері қыста жалаңаяқ, жартылай жалаңаш жүгіріп жүрген видео пайда болды. Видеоға қатысты білім басқармасы түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Балабақшаның Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланған видеода мектепке дейінгі ұйымда денсаулық сақтау технологияларын қолданатыны атап өтілген.

"Сіздердің назарларыңызға шынықтыру тобын ұсынып отырмыз. Бізде тіпті әдіскер де қарда жалаңаяқ жүгіреді", - делінген жазбада.

Жазбаның астындағы пікірлерде кейбіреулер балаларды шынықтырудың бұл әдісін дұрыс деп санаса, басқалары айыптаған.

"Жүгіріп жүрген балалардың ата-аналары бұл туралы біледі. Шынымен балабақшадағы балаларды бұлай істеуге мәжбүрледі деп ойлайсыз ба? Кішкентай кезінен шынықтырған өте жақсы. Ең бастысы, зияны тимесе болды",- деді желідегілер.

Бұл әдіске қарсы болып жатқандар да бар. "Сұмдық", "Біреулер күледі, ал біреулер жылайды. Бір қатарда тұруға болмайды! Әр адамның иммунитеті әртүрлі. Дайындық керек", - делінген кей пікірлерде.

Ақтөбе облысының білім басқармасы өңірдегі мектепке дейінгі ұйымдардағы мұндай шынықтыру түрі туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне түсінік берді.

Ведомство мәлімдемесінде бейнеролик түсірілген "Балдәурен" балабақшасының 1973 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқаны атап өтілген. Қазір мұнда 372 бала мектепке дейінгі білім алуда. Ал шынықтыру тобы 1990 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

"Топтың 30 жыл ішінде тыныс алу жаттығулары, аяқты әртүрлі температурадағы сумен жуу, аяқ массажы, басқа даәдістерді қамтитын шынықтыру жүйесі әзірленген.

2020 жылға дейін шынықтыру сабақтары "Барлық ауруға күн, ауа және су ем" вариативті бағдарламасына енгізілсе, 2022 жылдан бастап бұл бағдарлама қосымша ақылы қызмет көрсету бағдарламасы болып табылады", - деп хабарлады білім басқармасынан.

Ведомство мәліметінше, балаларды шынықтыруға тіркеу ата-аналардың өтініші бойынша жүргізіледі, балабақшадағы шынықтыру рәсімдері жазда басталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056172-aqtobe-oblysynda-qarda-zalanayaq-zugirgen-balabaqsa-tarbielenusileri-turgyndardy-sosytty-video/

pixel