Алматы соты вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың апелляциялық шағымын қарауға кірісті
Жарияланған күні:
Вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов сотқа апелляциялық шағым түсірді. Алматы қалалық соты қаржы пирамидасын құру ісі бойынша апелляциялық шағымды қарауға кірісті, деп хабарлайды Kazinform.
Қалалық соттың баспасөз қызметі ақпарат агенттігіне осы іс бойынша апелляциялық шағым қаралып жатқанын растаған.
2022 жылғы ақпанда блогер Мейіржан Төребаев пен актер Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген еді.
20 сәуірде олар 10 тәулікке қамауға алынып, кейін қамауға алу мерзімі екі айға ұзартылды.
Осыдан соң қамауға алу мерзімі тағы бірнеше рет ұзартылды. Соңғы рет күдіктілерді қамауда ұстау мерзімі 21 қарашада өзгертілді.
12 желтоқсанда Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов ісі сотқа жолданғаны белгілі болды.
21 желтоқсанда сот отырысы басталып, алдын ала тыңдауда айыпталушылардың адвокаттары бұлтартпау шарасын жеңілдетуді сұраған еді. Сондай-ақ Шерниязовтың адвокаты клиенттерінің әрекетінде қылмыс құрамының белгілері жоқ екенін айтып, оларға қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұраған.
2023 жылғы 23 маусымда Алматыда белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа, сондай-ақ қаржы пирамидасы ісі бойынша басқа да айыпталушыларға сот үкімі шыққанын жазған едік.
Сот Мейіржан Төребаевты Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша кінәлі деп танып (қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару – ред. ескертпесі) және оны 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеу туралы үкім шығарды.
Мейірхан Шерниязов та Қылмыстық кодекстің 217-бабымен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды және ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейді.
Ал Алмас Құрманғалиев 14 жылға, Дания Рахимова 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Андрей Ча 8 жылға, Ержан Мансұров 9 жылға, Ерлан Мансұров 9 жылға, Нұрлан Сұлтанбаев 8 жылға сотталды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056199-almaty-soty-vainerler-meiirzan-torebaev-pen-meiirxan-serniyazovtyn-apellyaciyalyq-sagymyn-qarauga-kiristi/