Қазақстан БҰҰ миссиясына қару-жарақ пен техниканы жеткізу үшін 8 млн доллар жұмсамақ
Жарияланған күні:
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов парламент палатарының бірлескен отырысында қазақстандық бітімгерлердің БҰҰ миссияларына қатысуы үшін қанша қаржы жұмсалатынын айтты. Министрлік басшысының сөзінше, техника мен қару-жарақты жеткізу үшін шамамен 8 млн доллар қажет, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Бюджеттен қаражат белгіленген. Қару-жарақ пен техниканы тасымалдауға тағы қосымша қаражат қажет. Шамамен 8 млн доллар болмақ", - деді министр Жақсылықов.
Депутат Айгүл Құспанның сөзіне сүйенсек, БҰҰ талабы бойынша бітімгершілік миссияларына қатысатын әр контигент өз қару-жарағымен және техникасымен келуі керек. Қазақстан оның бәрін миссия өтетін жерге тасымалдауы керек.
"Бұған шамамен 8 млн доллар жұмсалмақ. Себебі үлкен "Арлан", "КамАЗ" сынды үлкен құрышпен қапталған 15 көлікті тасымалдау қажет. Бізде қолданыста жоқ арнайы ұшақтар қажет. Қорғаныс министрлігі аталған жүктерді тасымалдаумен айналысатын компанияларға жүгінеді.
Көліктерді Голан жотасына Ил-27 ұшақтарымен жеткізеді деп ойлаймын. Ең тиімді жолы осы. Қазақстандық бітімгерлердің елге оралуын БҰҰ қамтамасыз етеді. Одан бөлек, БҰҰ біздің әскерилерге жалақы төлейді. БҰҰ жыл сайын ел бюджетіне белгілі бір мөлшерде қаржы төлеп отырады. Ол шамамен 1 млн доллар болады", - деді депутат.
Айта кетейік, бүгін 19 қаңтарда парламент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрт елге бітімгершілік әскерін жіберу туралы ұсынысын қолдап, 430 қазақстандық бітімгерді БҰҰ миссиясын орындауға жіберуді мақұлдады.
Парламент палатарының бірлескен отырысында қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов бітімгершілік миссияны орындауға жіберілетін әскерилердің міндетін айтты.
Сондай-ақ БҰҰ миссияларына қатысу үшін Қазақстан бітімгершілік контингентін қай елдерге жіберетіні белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056384-qazaqstan-buu-missiyasyna-qaru-zaraq-pen-texnikany-zetkizu-usin-8-mln-dollar-zumsamaq/