Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ақша салынған конвертке" қатысты желідегі даулы видео: "Ақтөбе" ӘКК мен әкімдіктегілер пікір білдірді

Жарияланған күні:

Конверттегі ақша
Конверттегі ақша. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Әлеуметтік желіде "Ақтөбе" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Руслан Әжниязовтың күмәнді конвертті әлдекімге беріп жатқан сәті түсірілген видео тарап кетті. Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер видеодағы екінші адамның экс-қызметкер екенін хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бейнежазба адвокат Айман Омарованың Instagram-дағы парақшасында пайда болды. Видео сипаттамасында оқиға жаңа жыл қарсаңында болғаны жазылған. Бейресми ақпаратқа сәйкес, "Ақтөбе" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қызметкерлері негізгі сыйақыдан бөлек, тағы екі-үш айлық жалақы мөлшерінде қосымша сыйақы алған. Ол ақша қызметкерлерден жиналып, компанияның басқарма төрағасының бірінші орынбасарына тапсырылғаны айтылады.

"Ақшаны Ақтөбе облысы әкімі орынбасарының көмекшісіне берген. "Ақтөбе" ӘКК қызметкерлерін түскен сыйақыны жақын банкоматтардан шешіп әкеліп, Руслан Әжниязовқа өткізуге мәжбүрледі", - деп жазады Айман Омарова.

Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер оқиғаға қатысты пікір білдіріп, күмәнді конвертті алған адам экс-қызметкер екенін айтты.

"Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтің қатысы бар ма, жоқ па, ол жағын білмейміз. Қазір ішкі тексеру жұмысы жүріп жатыр. Сол кезде анықталады. Содан кейін ғана хабарлаймыз. Видеодағының бірі "Ақтөбе" ӘКК АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары, екіншісі бұрын облыс әкімдігінде жұмыс істеген. Қазіргі кезде Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов жұмыста. Біз бұрын видеодағы баланы ара-тұра көретінбіз, бірақ әкімдік қызметкері емес. Қазір оқиға бойынша тексеру жүріп жатыр", - деді Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің өкілі Гүлбағда Көбеева.

Мән-жайға қатысты "Ақтөбе" ӘКК АҚ басқарма төрағасының орынбасары да пікір білдірді. Ол бейнежазбадағы адамның тұрақтандыру қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға жауапты қызметкер екенін растап отыр.

"Видео кеше әлеуметтік желіге тарап кетті. Қазіргі кезде қызметтік тексеру басталды. Барлығы жан-жақты тексерілген соң қорытындысын хабарлаймыз. Видеодағы адам - "Ақтөбе" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Руслан Әжниязов. Сонымен бірге ол жерде облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтің көмекшісі деп жазылған. Қазір "Ақтөбе" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қызметкерлері жыл соңында қандай сыйақы алғанын білмеймін. Өзім таяуда ғана тағайындалдым, әлі күнге дейін сынақ мерзімінде жүрмін. Өзге қызметкерлер туралы білмеймін. Өзге ақпаратты қызметтік тексеруден соң хабарлаймыз. Руслан Әжниязов қазір жиналыста. Жағдай туралы кеше видео шыққан соң білдік. "Ақтөбе" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы кадр қызметіне қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды", - деді корпорация басқарма төрағасының орынбасары Нарек Гегамян.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2056428-aqsa-salyngan-konvertke-qatysty-zelidegi-dauly-video-aqtobe-akk-men-akimdiktegiler-pikir-bildirdi/