Бәзбіреулер Ақтөбеде "мектепке шабуыл жасайтынын" айтты: білім беру мекемелерін полиция күзетіп тұр
Жарияланған күні:
Ақтөбеде "мектептерге шабуыл жасалады" деген ақпарат тарағаннан кейін кейбір ата-аналар балаларын сабаққа жіберуден бас тартқан. Алайда мектеп басшылары қауіпсіздік шаралары сақталғанын жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе қаласында мектептерде қылмыс жасалатыны туралы ақпараттан кейін KAZ.NUR.KZ тілшісі білім беру мекемесіндегі жағдайды арнайы барып көрді. Қауіпсіздік күшейтілген. Полиция қызметкерлері жүр. Мектепке бөгде адамдарды кіргізбейді. Ақтөбе облысының білім басқармасы мектептерде сабақтар қалыпты жағдайда өтетінін айтты.
"Қазір мектептегі жағдай бірқалыпты. Әлеуметтік желіде ақпарат тараған соң кейбір ата-аналар балаларын мектепке жібермеді. Бірақ мектеп штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қауіпсіздік ережелерін сақтап отырмыз. Кезекші мұғалімдер қойылды. Сонымен бірге қосымша есіктер жабылып, бір есік қана ашылып отыр. Бүгін жартысынан көбі сабаққа келмеді. Олар онлайн түрде оқып жатыр. Жалпы бұл мектепте мыңнан астам бала оқиды. Ал келген балаларды қауіпсіздік үшін тек ата-аналары алып кетуі тиіс", - деді №27 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әсел Алиева.
Ал №21 мектеп-гимназиясының өкілі мектепті полиция қызметкерлері бақылауға алғанын айтты.
"Полициядан адамдар келіп, мектепті қарап, қауіпсіздік жүйесімен танысты. Бейнебақылауды, турникетті қарады. Қызметкерлер іште де жүр. Мектеп айналасында полиция бар. Мектепте сабақ қалыпты режимде өтіп жатыр. Кейбірі баласын сабаққа жібермеді. Қазір біз полицияға сенеміз, сол кісілерге сеніп, сабақ өткізіп жатыр. Бүгін түстен кейін көбі сабаққа келмеді", - деді №21 мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжанат Әли.
Еске сала кетсек, Telegram желісінде авторы Ақтөбе мектептерінде қылмыс жасайтынын мәлімдеген арна пайда болған еді. Кейін облыстық полиция жазба авторлары іздестіріліп жатқанын, тергеу басталғанын мәлімдеді.
Елдің үрейін ұшырған ақпараттан соң Оқу-ағарту министрлігі өкілдері оқушылар мен ата-аналарды сабырға шақырды. Ведомство өкілі балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалатынын айтты.
Одан бөлек, облысы әкімі Асхат Шахаров та қаладағы бірқатар мектепті (№21, 27, 32 мектеп) аралап, үрейге бой алдыруға ешқандай себеп жоқ екенін атап өтті.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057567-bazbireuler-aqtobede-mektepke-sabuyl-zasaitynyn-aitty-bilim-beru-mekemelerin-policiya-qorsauga-aldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.