Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Маман Алматыда афтершоктар әлі бір айдай болуы мүмкін екенін айтты

Жарияланған күні:

Сейсмограф
Сейсмограф. Көрнекі фото: Furchin / Getty Images

Алматыда түнде неге жер сілкінеді, бұл форшок болуы мүмкін бе? Осы және өзге де сауалдарға геолог Әнуар Боранбаев жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әнуар Боранбаев Алматыдағы афтершоктар бір айға немесе одан да ұзақ уақытқа созылуы мүмкін екенін айтты. Бірақ бұл дүмпулердің қуаты 23 қаңтарда болған жер сілкінісінен әлдеқайда әлсіз болмақ.

"Магнитуда күші бес, сосын алты, сосын үш, сосын төрт болады. Бұл афтершоктар. Егер кез келген затты шайқасаңыз, ол біраз уақыт шайқалып тұрады ғой. Мұнда да солай. Ал бізге нақты бір құрамдас бөлігі ұшып кеп тұрады", - дейді геология саласындағы сарапшы.

Бірақ, оның сөзінше, жер асты дүмпулерінің неліктен күшейіп не бәсеңдеп тұратыны белгісіз. Жер сілкінісінің сипатын әлі ешкім тани қойған жоқ. Әнуар Боранбаевтың айтуынша, ғалымдар жер сілкінісінің нақты күнін, орнын және күшін атай алмайды. Маман ерте хабарлау жүйесінің жұмысына да тоқталып өтті.

"23 қаңтарда жер сілкінісінің ошағы 296 шақырым жерде болды. Сейсмикалық толқынның орташа жылдамдығы шамамен 10 км/с болды. Яғни Қытайда болған жағдайды шамамен 29-30 секундтан кейін сездік. 29 секундтің ішінде неге үлгеруге болады әрі түн болса?

Ерте хабарлау жүйесі жер сілкінісінің қайталама салдары болмауы үшін қаланың сыртқы тіршілікті қамтамасыз ету көздерін өшіру мақсатында жұмыс істейді. Мысалы, газбен жабдықтау станциясының операторы газды өшіруі керек. Барлық өндіріс тыныштық жағдайында болуы керек", - дейді Әнуар Боранбаев.

Біз сарапшыдан "Алматыдағы жер асты дүмпулері форшок (күшті сейсмикалық оқиғаның алдында болатын дүмпулер - ред. ескертпесі) болуы мүмкін бе?" - деп сұрадық.

"Тәжірибе мен білімге сүйенсек, бұл форшок болуы екіталай. Өйткені бәсеңдей бастады әрі шамамен екі күн өтті", - дейді сарапшы.

Бірақ Әнуар Боранбаев Алматыда жерасты дүмпулері түнде ғана болады дегенмен келіспейді. Ол сағаттағы уақытқа тәуелді емес. Геологтың айтуынша, жер сілкінісінен кейін жер тәулік бойы "тербеліп" тұрады.

Еске салайық, 23 қаңтарға қараған түні Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында жер сілкінісі сезілді.

Жерасты дүмпулері әсіресе Алматы тұрғындарына қатты сезілді. ТЖД ақпаратынша, Алматыда 5 балдық жер сілкінісі тіркелген. Алматының кей аудандарының тұрғындары жер сілкінісі кем дегенде 5 минутқа созылғанын жеткізді.

Сол күннен бері Алматыда бірнеше рет жерасты дүмпуі тіркелген болатын. Одан бөлек, төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жерасты дүмпуі неліктен қайталанып жатқанын түсіндірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057706-maman-almatyda-aftersoktar-ali-bir-aidai-boluy-mumkin-ekenin-aitty/