Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мамандар Алматыда жер неге бірнеше рет сілкінгенін түсіндірді

Жарияланған күні:

Алматыдағы биік ғимараттар
Алматы. Көрнекі фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

23 қаңтардан бері Алматыда 2 балдық бірнеше жер сілкінісі тіркелді. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жерасты дүмпуі неліктен қайталанып жатқанын түсіндіріп берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ведомство өкілдерінің сейсмологтар ұсынған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлауынша, Алматыдағы сейсмикалық белсенділікке 23 қаңтарда Қытай мен Қырғызстан шекарасында болған күшті жер сілкінісі себеп болып отыр. Оның сейсмикалық толқындары жақын маңдағы елдерге, соның ішінде Қазақстан аумағына да тарады.

Әдетте мұндай қарқындағы жер сілкіністерінен кейін 2 балл болып сезілетін көптеген дүмпу болады. Бұл соңғы бірнеше күнде байқалған жағдай. Алайда, мамандардың сөзінше, бұл құбылыс Алматы аумағына қауіп төндірмейді.

"Жер сілкінісі ошағында дүмпу әлі күнге дейін қайталанып жатыр. Бұл заңды құбылыс, бұл процестің қанша уақытқа созылатынын нақты айту қиын. Бұған көптеген фактор әсер етеді: жер сілкінісі ошағы орналасқан аймақтың сейсмикалық қауіптілігі, жер қыртысының геологиялық құрылымы және тектоникалық ерекшеліктер. Сейсмикалық қауіптілікті белсендіру процесі бірте-бірте басылады және ол қалыпты режимге оралады", - деп түсіндіреді мамандар.

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қазіргі уақытта әлемде алдағы жер сілкінісінің нақты уақыты мен орнын болжай алатын әдістер жоқ екенін атап өтті: әзірге ғалымдар бұл бағытта тек зерттеу жүргізіп жатыр.

"Біздің сейсмикалық жағдайды бағалауымыз да 0,7, яғни 70 пайыз ықтималдықпен берілген", - деп түсіндірді департамент мамандары.

Ведомстводағылар төтенше жағдайлар кезіндегі әрекетке бүкіл халық және әрбір азамат дайын болуы маңызды екенін атап өтті.

"Зардап шеккен тұрғындарды қабылдау пункттері туралы толық ақпарат 2GIS платформасына енгізілген, оны "Зардап шеккен тұрғындарды қабылдау пункті" деп іздеуге болады және мұндай ақпарат Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті мен аудан әкімдіктерінің ресми сайттарында жарияланған.

ТЖД смартфон камерасымен сканерлеу арқылы зардап шеккен тұрғындарды жақын маңдағы қабылдау пункттеріне эвакуациялау маршруттарының бағыттарын анықтауға мүмкіндік беретін QR-коды бар ақпараттық тақташалар әзірледі", - деп мәлімдеді төтеншеліктер.

Еске сала кетейік, 23 қаңтарға қараған түні Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында жер сілкінісі сезілді.

Жерасты дүмпулері әсіресе Алматы тұрғындарына қатты сезілді. ТЖД ақпаратынша, Алматыда 5 балдық жер сілкінісі тіркелген. Алматының кей аудандарының тұрғындары жер сілкінісі кем дегенде 5 минутқа созылғанын жеткізді.

Сол күннен бері Алматыда бірнеше рет жер асты дүмпуі тіркелген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057631-mamandar-almatyda-nege-birnese-qaitara-zer-silkingenin-tusindirdi/