Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ата-ананың қорқынышы балаға беріледі": психолог жер сілкінісін балаларға қалай түсіндіру керегін айтты

Опубликовано:

анасы мен қызы
Анасы мен қызы. Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда болған жер сілкінісінен ересектер де, балалар да қатты қорқып қалды. Бойын үрей билеген ата-аналар балаларына жер сілкінісі кезіндегі қорқынышын қалай түсіндірерін білмей жүр. Осы ретте KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген балалар психологы Әсел Етекбаева жер сілкінісі мен сондай сәттегі әрекет туралы балаларға қалай дұрыс түсіндіру керегін айтты.

Психолог маманның пікірінше, қазір ересек адамдар, оның ішінде ата-аналар жер сілкінісі туралы үрейлі әңгімелерді балалардың көзінше ашық айтады. Психолог бұл дұрыс емес дейді.

"Мұндай ақпаратты қорқынышты түрде жеткізу балалар үшін ауыр. Себебі бала 6-8 жасында ата-анасынан айырылып қалудан қорқады. Осы кезеңде бала бірінші өзін емес, ата-анасын ойлауы мүмкін. Ата-анасыз қалып қаламын деген үрей болады. Балалардың дамып келе жатқан кезінде, мысалы, 13-14 жасында сезінген қорқыныш миларына мықтап сіңіп қалады", - дейді Әсел Етекбаева.

Айтуынша, балалар қорыққан сәтін естен шығара алмайды.

"Үлкен адамдар жер сілкінісінен болған қорқынышын уақыт өте келе ұмытып кетеді. Ал балалардың есінде қалып қалады. Олардың денсаулығына зиян. Бірдеңеден қатты қорыққан бала сол қорқынышын, ішкі жан-дүниесінде болып жатқан сезімдерін сыртқа шығарып, біреуге айта алмайды. Оларда өмірлік тәжірибе жоқ болғандықтан көбінесе өз бойына сіңіріп алады. Бойға сіңіріп алғаннан кейін балаларда ауру пайда болуы мүмкін. Қорқыныштың салдарынан стресс болған кезде бала жиі ауырады немесе психикалық жағдайына кері әсер етеді", - дейді ол.

Осы тұста психолог ата-аналарға маман ретінде бірнеше пайдалы кеңес беріп өтті.

"Ата-ана баланың көзінше қатты қорыққанын көрсетпеуі, білдірмеуі керек. Ата-ананың ішкі күйі балаларға беріледі. Балаларға жер сілкінісі туралы "мұндай болып тұрады, бұл табиғи құбылыс" деп айтуға болады. Ал "ол үлкен апатқа, шығынға әкеледі деген нәрселерді айтпау керек. Балаларға кері әсер етеді, Денсаулығына, миының дамуына, олардың қалыптасуына әсер етеді", - дейді психолог.

Сондай-ақ мұндай кезде үлкен адамдар сабыр сақтау керектігін естен шығармаған дұрыс дейді маман.

Балалар психологының сөзінше, негізінен аяғы ауыр немесе емізулі баласы бар әйелдердерге қатты уайымдап, қорқудың қажеті жоқ.

"Себебі іште жатқан балаға қорқыныш анасы арқылы беріледі. Емізулі бала болса анасының сүті арқылы беріледі. Жалпы құрсақта жан болып біткен сәттен бастап бала анасының ішкі күйін өз бойына сіңіріп алады. Туғаннан кейін де қорқыныш бойында жүреді. Бірақ өзі есейген кезінде қорқыныш қайдан пайда болғанын түсінбеуі мүмкін, ол оның өміріне қатты әсер етеді. Ата-аналар соны ескеруі керек", - дейді Әсел Етекбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057727-ata-ananyn-qorqynysy-balaga-beriledi-psixolog-zer-silkinisin-balalarga-qalai-tusindiru-keregin-aitty/

pixel