Алматылық сейсмологтар тағы бір жер сілкінісін тіркеді
Жарияланған күні:
Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының сейсмикалық стансалар желісі 27 қаңтарда Алматы уақыты бойынша сағат таңғы 6:37-де тағы бір жер сілкінісін тіркеді. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығына сілтеме жасап хабарлайды.
Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, жер сілкінісінің әуелгі ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 278 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан.
Сейсмикалық стансалар желісі 5 шақырым тереңдікте энергетикалық класы - 10,9, магнитудасы 4,6 болған жер сілкінісін тіркеді. Қазақстан аумағында бұл жер асты дүмпуі сезілген жоқ.
Алматыдағы жер сілкіністері
Еске салайық, 23 қаңтарға қараған түні Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында жер сілкінісі сезілді.
Жерасты дүмпулері әсіресе Алматы тұрғындарына қатты сезілді. ТЖД ақпаратынша, Алматыда 5 балдық жер сілкінісі тіркелген. Алматының кей аудандарының тұрғындары жер сілкінісі кем дегенде 5 минутқа созылғанын жеткізді.
Сол күннен бері Алматыда бірнеше рет жерасты дүмпуі тіркелген болатын. Одан бөлек, төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жерасты дүмпуі неліктен қайталанып жатқанын түсіндірді. Кейінірек, 26 қаңтарда маман афтершоктар бір ай бойында жалғасатынын ескерткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057820-almatylyq-seismologtar-tagy-bir-zer-silkinisin-tirkedi/