Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Он тілде еркін сөйлейтін алматылық полиглот қыз тілді оңай үйренудің құпиясын айтты

Опубликовано:

Ақтоты Асанова
Ақтоты Асанова. Фото: instagram.com/aktoty.assanova

Алматылық Ақтоты Асанова айналдырған 4-5 жылдың ішінде он тілді еркін меңгеріп алған. Полиглот қыз Qazaqstan телеарнасының "Таңшолпан" бағдарламысына берген сұхбатында тілді оңай үйрену жолын айтып берді.

Ақтотының жасы 18-де. Тіл үйренуді 13-14 жас шамасында бастаған. Қазір ол қазақ, орыс, ағылшын, неміс, испан, корей және қытай, түрік, француз тілдерінде еркін сөйлейді. Жақында араб тілін үйренуді қолға алыпты. Ол жаңа тілді 6-8 ай аралығында меңгеріп алады екен.

"Негізі көптеген адам "Тіл үйрену үшін қанша уақыт керек, бес айда үйренуге бола ма, бір жылда үйренуге бола ма?" деп ойлайды. Егер адам зейінін бір нәрсеге нақты қойып оқитын болса, онда 6-8 айдың ішінде төрт деңгейді бітіріп, жақсы сөйлеп шығуға болады", - дейді көп тілді білетін Ақтоты Асанова.

Оның тіл үйрену жолындағы алғашқы қадамы орыс тілін үйренуден басталған. Өйткені қазақ тілді ортада тәрбиленгендіктен, ол орыс тілінде мүлде сөйлей алмаған екен. Міне, содан бергі төрт-бес жыл ішінде бойжеткен 10 тілді меңгеріп алған, тіпті бірнеше тілді қатар оқыған кездері болған.

Полиглот қыз тілді оңай үйрену үшін оған зейін қою керек деп есептейді.

"Адамдар менен "Тілді қалай тез үйренуге болады?" деп сұрап жатады. Тілді тез үйренуге болмайды, оңай үйренуге болады. Бірақ ол үшін зейін салып оқу керек.

Тіл жайлы ойлай беру керек. Күніне он-ақ минутыңызды тілге арнайтын болсаңыз, жақсы нәтижеге жете алмайсыз, сол себепті күніне бір сағат, екі сағат жүйелі түрде сабақ оқитын болсаңыз, тілге қызығушылығыңыз артатын болса, тек қана тілге емес, сонымен қатар тілдің табиғатына үңілетін болсаңыз, сол елдің мәдениетіне қызығатын болсаңыз, кез келген адамға тілді үйрену процесі оңай болады"- дейді Ақтоты.

Желі қолданушылары Ақтоты Асановаға жылы лебізін білдіріп, тілегін жаудырған.

"Біз орысша білгенге кейде шүлдірелеп кетеміз. Мына полиглот қалай күшті сөйлейді, таза қазақша, дикциясы да күшті, сөз саптауы да керемет. Он тілді біле тұра, ана тілінде тап-таза, еркін сөйлеп отырғанына ризамын",

Қандай әдемі, көрікті, ақылды, білімді жан еді. Сөзінің өзі нақты, анық. Алла тіл көзден сақтасын!", "Мықты қыз екен", Керемет! Министрлер мен депутаттарға қазақ тілін үйретуге жіберу керек", "Қазағымыздың әр жасы осындай болсын!", - деп жазды олар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058058-on-tilde-erkin-soileitin-almatylyq-poliglot-qyz-tildi-onai-uirenudin-qupiyasyn-aitty/

pixel