Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде уақытша ұстау изоляторынан қашып шыққан күдіктілерге қатысты сот отырысы басталды

Жарияланған күні:

сот
Сот отырысы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбедегі уақытша ұстау изоляторынан қашқандар бүгін сот алдына келді. Күдіктілер ұйықтап жатқан күзет қызметінің қасынан оңай өткен. Олар сотта жасаған бұл әрекеті үшін өкінетінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе қалалық сотында Қылмыстық кодекстің 426-бабымен айыпталған күдіктілерге қатысты сот отырысы басталды. Бас бостандығынан айыру орындарынан қашып шыққандарға қатысты айыптау актісі оқылды. Бірі ұрлық, екіншісі бұзақылық бойынша күдікке ілініп, изоляторға түскен екі азаматқа қашып шығуды ойластырған деген айып та тағылды. Ал үшінші күдікті "Бұзақылық" бабы бойынша айыпталушының қасында болған. Ол қазір үйқамақта.

Прокурордың айыптау актісінде күдіктілердің осыған дейін жасаған қылмысы баяндалды.

Іс материалдарына сүйенсек, күдікті Е. 2023 жылдың 1 қарашасы сағат шамамен 22:00-де "Керуен сити" сауда-ойын-сауық кешеніне барған. Орталық күзетшісінің кетіп қалғанын көріп, есікті өз әкелген бұрауыш арқылы ашып, алтын сататын бутик ішіне кірген. Ол жерден шамамен 10 мың теңге болатын ақшаны қалтасына салып алады. Жәшіктен кілт алып, 253 дана түрлі алтын бұйымды алып кетеді. Құны – 23 млн 591 940 теңге мен сонымен бірге 1,2 млн теңге құрал-жабдықты сөмкеге салып алады. Жалпы шығын - 24,7 млн теңге.

"Е. Қылмыстық кодекстің "Ұрлық" бабында қарастырылған қылмысты жасады. 2023 жылы 3 қарашада ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды. 2023 жылы 4 қарашада 2 айға қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. 2023 жылы 6 қарашада уақытша ұстау изоляторындағы Е. отырған камераға бұзақылық жасады деген күдікпен К. жеткізіледі. 11 қараша күні Е. және К. сағат шамамен 17:00-де қашып шығуды ойластырады. 12 қарашада 03:24-те Е. және К. есіктің тамақ беруге арналған темір торы жабылмай тұрғанын көреді. Дыбыс шығарған кезде ешкім жауап бермеген соң полиция қызметкерлерінен еш кедергі жоқ екенін ұғып, тордан қолын шығарып, есіктің ілмегін ашып жібереді. Кейін ұйықтап жатқан кезекшінің жанынан өтіп, екінші қабатқа көтеріледі. Ол жақтан шығар есік таппаған соң қайта бірінші қабатқа түсіп, темір есікті қатты итеріп қалады. Кейін ауладағы темір қоршаудан секіріп, қашып кетеді. Е. Қылмыстық кодекстің "Бас бостандығынан айыру орындарынан, қамақтан немесе күзеттен қашу" бабында қарастырылған қылмыс жасады",- деді прокурор Әсел Утенова.

Екінші күдікті К. 2022 жылдың 11 шілдесінде Қылмыстық кодекстің 191 бабы бойынша сотталып, 1 жыл 4 айға бас бостандығынан шектеу шарасы тағайындалған. 2023 жылдың 31 қаңтарында тағы да Қылмыстық кодекстің 191-бабы бойынша айыпталып, 1 жыл 11 ай 10 күнге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. К. одан сабақ алмай 2023 жылдың шілде айында 19:30-да досы П. екеуі ішімдік ішкен күйі үйден шығып, көшеде екі адамды кездестіреді. Екеуінен 3 мың теңге тұратын темекі тартатын бұйым сатып алуды тапсырады. Бірақ екеуі оны орындамаған соң бейәдеп сөз айтып, пышақтайтынын айтады. Қоғамдық орында ұрып, дене жарақатын келтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленушілердің бірі бас жарақатын алды, екіншісі де жеңіл жараланды. Күдікті К. Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі бірінші тармағы бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген айып тағылады. Үйқамақта жүрген үшінші күдіктінің де бұрын соттылығы болған.

Істе үш күдікті бар. Бірі тағылған айыппен толық келіссе, келесілері ішінара мойындайтынын айтты. Сотқа куәгер ретінде уақытша тергеу изоляторының қызметкерлері шақырылған. Сотта қазір жәбірленушілердің жауабы тыңдалып жатыр.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058302-aqtobede-uaqytsa-ustau-izolyatorynan-qasyp-syqqan-kudiktilerge-qatysty-sot-otyrysy-bastaldy/