Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өткенде Бишімбаев, бүгін Дәкебаев": депутат жедел жәрдем қызметкерін соққыға жыққан ер адамның соты ашық өтуін талап етті

Опубликовано:

Сот залы
Сот залы. Көрнекі фото: pixabay.com

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев Қарағандыда болған жағдайға байланысты бас прокурор мен ішкі істер министріне сауал жолдады. Ол жедел-жәрдем қызметкерін соққыға жыққан Нұрболат Дәкебаевты тез арада табуды және оның сотын ашық жүргізуді талап етті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Соңғы кезде заңды белден басып, ойына келгенін істейтін бетімен кеткендер көбейгенін" айтқан мәжілісмен Қарағандыда болған оқиға соның айқын дәлелі екенін атап өтті.

"Айдың күннің аманында өз қызметін адал атқарып жүрген жедел жәрдем жүргізушісін қанжоса етіп соққыға жығу – барып тұрған бассыздық.

Құқықбұзушы Нұрболат Дәкебаевтың бұл әрекеті – жәй ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық, не істей аласың деген дөңайбат. Өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да, ешқандай айылын жимай жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік.

1 жасар сәбиге көмекке келген медицина қызметкерлерін, ашықтан-ашық, куәгерлердің көзінше ұрып-соғу не деген сұмдық?" - деді депутат.

Осы орайда ол депутаттық корпус бірнеше рет медицина жүйесінің қызметкерлерін қорғау үшін арнайы статус бекітуді ұсынса да, үкімет әлі күнге дейін шешім қабылдамағанын баса айтты.

"Адам өмірін сақтау үшін арпалысатын ақхалатты жандарды арнайы қызмет көрсетуші өкіл ретінде заңмен қорғауымыз керек. Бұл – уақыт күттірмейтін шешім. Мұндай жағдайға мүлдем жол беруге болмайды. Өткенде Бишімбаев, бүгін Дәкебаев, ертең кім болады сонда?!" - дейді Бейсенбаев.

Оның пікірінше, бұл ең алдымен, тиісті органдардың өз жұмысына салғырт қарап, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастырмағанын көрсетеді.

"Екіншіден, көпшілік қарапайым ғана құқықтық қағидаларды білмейтінін байқатады. Олар өз құқығын былай қойғанда, заң алдындағы міндеттері мен жауапкершілігінен де хабарсыз. Заң мен тәртіп бәріне бірдей қағидатын ұстану әрбіріміздің міндетіміз.

Үшіншіден, Ұлттық құндылықтардан ада, әдеп пен ар-ұятты артта қалушылық деп санайтын, адамшылыққа жат ойлармен санасы уланған азаматтар қалыптасып келеді", - деді ол.

Осы ретте мәжіліс депутаты құқық қорғау органдары қылмыс жасаған Дәкебаевты тез арада табуға тиіс екенін, оның сотын ашық жүргізіп, қатаң жаза тағайындау және оның барысы мен қорытындысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты түгел хабардар ету қажет екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды тұрғыны жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққаны туралы жазған едік. Өңірлік полиция оқиғаға қатысты пікір білдіріп, жедел жәрдем қызметкеріне күш көрсеткен ер адамның анықталғанын хабарлады. Қазір оны іздестіріп жатыр.

Кейін денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният болған жайтқа пікір білдіріп, зардап шегушінің жағдайын айтты.

Оның сөзінше, жүргізушіге мидың шайқалуы, мұрын сүйегінің сынуы, қабырғаның жабық сынуы, көздің гематомасы диагнозы қойылған.

Бұдан бөлек, Қарағанды облысының әкімі жедел жәрдем қызметкерін соққыға жығу оқиғасына қатысты пікір білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058428-otkende-bisimbaev-bugin-dakebaev-deputat-zedel-zardem-qyzmetkerin-soqqyga-zyqqan-er-adamnyn-soty-asyq-otuin-talap-etti/

pixel