Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлттық музейдегі Назарбаевтың ескерткішін алып тастады

Опубликовано:

Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші
Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші. Фото: 2gis.kz/astana

Желіде Ұлттық музейдегі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін алып тастады деген ақпарат пайда болды. Мұражайдың баспасөз қызметі бұл мәліметті растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Интернетте Астанадағы Ұлттық музейінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші бөлшектелгені туралы ақпарат пайда болды. Журналист Михаил Козачков фотосуреттерге қарап, ескерткіштің қоймаға көшірілгенін айтты.

KAZ.NUR.KZ түсініктеме алу үшін Ұлттық музейдің баспасөз қызметіне хабарласты. Музейдегілер осы жылдың шілде айында мұражайға 10 жыл толатынын еске салды.

"Ұлттық музейдің 10 жылдығын тойлау аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің тапсырмасы бойынша 2024 жылы отандық және шетелдік мамандарды тарта отырып, мұражай кеңістігін жақсарту процесі басталды", – деді олар.

Дүниежүзілік мұражай тәжірибесіне сәйкес, әрбір мұражай өзінің көрме залдарының концептуалды мазмұны мен көркемдік-стильдік дизайнын мезгіл-мезгіл жаңартып отыруға міндетті. Ұлттық музей осы тәжірибені басшылыққа ала отырып, атриумды (үлкен холл – ред. ескертпесі) түрлендіруге кірісті. Атриумның негізгі міндеті – келушілер билет сатып алуға, экскурсияға тапсырыс беруге, отандық кәдесыйларды сатып алуға, сондай-ақ ғылыми кітапхананың оқу залына бару, медиатеканы қарауға болатын рекреациялық аймақтың функционалдығын қамтамасыз ету.

Экскурсиялар атриумда басталады, мұнда олар Ұлттық музей, оның коллекциялары мен көрме залдары туралы кіріспе ақпарат алады", – делінген жауапта.

Ал Тұңғыш президент ескерткіші "Тәуелсіз Қазақстан" залының реэкспозициясы бойынша жұмыстарды бастау аясында бөлшектелді.

"2014 жылдан бері жаңартылмаған "Тәуелсіз Қазақстан" залын реэкспозициялау жұмыстары басталды, онда ағымдағы тарихи кезеңнің маңызды оқиғалары қамтылады. Ескерткішке келетін болсақ, бұл жәдігер – музей меншігі және зал концепциясының өзгеруіне байланысты Музей қорында сақталады", – деп хабарлады Ұлттық музейдің баспасөз қызметі.

Еске салайық, Назарбаев мүсіні Астанадағы Ұлттық музейде 2018 жылдың жазында орнатылған және жанындағы тақтайшаға латын тілінде экс-президенттің сөздері ойып жазылған.

Өткен аптада Алматы метросының Алмалы станциясында ілулі тұрған тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті алынып тасталғаны белгілі болды.

Бұған дейін Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінің аумағынан Назарбаевтың ескерткіші бұзылған болатын. Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты растап, оқу орны бұрын "ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті" атауынан "ҚР Ұлттық қорғаныс университеті" болып өзгертілгенін еске салды.

"Осыған байланысты Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында орналасқан ҚР Тұңғыш президентінің ескерткішін ҚР Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының ғимаратына көшіру және орнату туралы шешім қабылданды", – делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі ескерткіштің қорғаныс департаменті ғимараттарының бірінде уақытша сақтауда екенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058633-ulttyq-muzeidegi-nazarbaevtyn-eskertkisin-alyp-tastady/

pixel