"70-80 млн теңге қажет": Таразда тозығы жеткен үйлер жарты ғасыр бойы жөндеу көрмеген
Жарияланған күні:
Таразда өткен ғасырда салынған көпқабатты екі үй құлаудың аз-ақ алдында тұр. Қаладағы "Салтанат" шағын ауданындағы ескі үйлер тұрғындардың өміріне қауіп төндіруде, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, "Салтанат" шағын ауданындағы №29 "А" және №29 "Б" мекенжайындағы төрт қабатты үйлер жарты ғасыр бойы жөндеу көрмеген. Бүгінде қабырғалары қақырап, қирауға шақ тұр. Ал жертөлесі суға толып, жағымсыз иісі жұртты мезі қылған.
"Қараусыз қалдық!.Біздің жағдаймызды көретін, еститін ешкім жоқ. Жертөлемізді су жайлап кетті. Оның иісі үйге кіріп жатыр. Үйдің қабырғаларына да сызат түскен. Бір күні құласа, не болмақ? Бұл үйлерде тұрмысы төмен отбасылар тұрады. Сонда біз қайда барамыз? Не істейміз? Білмеймін...", - дейді қала тұрғыны Ләззат Өмірбекова.
Биыл бұл баспаналарға жылу да жарытып жетпеген. Салдарынан тұрғындар қыс басталғалы қалтырап, жылыту пештерімен жан бағып отырғанын айтады.
"Аязда тоқ пеш қосамыз. Бұл үй 90-шы жыл емес, кәнігі соғыста бомба түсіп, тастанды үйге айналған үй сияқты ғой. Балаларымызға обал", - дейді Бақытжан Жамбай есімді тұрғын.
Ал 2011 жылы "Қайта жаңғырту бағдарламасы" аясында 11 млн теңгеге қос үйдің шатыры мен жертөлесі жөндеуден өткен. Атқарылған жұмыс үшін әр пәтер 7 жыл бойы 25 мың теңгедей төлеп келіпті. Енді тұрғындар қос үйге қайта күрделі жөндеу жүргізуді сұрап отыр. Әкімдіктегілер баспананың жағдайынан бейхабар емес. Тек тұрғындар тарапынан "меншік иелері бірлестігі құрылу" керектігі айтылды.
"Бұл үйлердің тұрғындарымен 12 рет үй басқару және үйді күтіп ұстау үшін, меншік иелері бірлестігін құру (ОСИ), үйді жаңғырту бағдарламасымен жөндеу туралы жиналыс өткізілген. Бірақ тұрғындар тарапынан белсенділік танытқан және келіскен азаматтар болған жоқ. Егер тұрғындар бірлестік құрса, онда бұл үйлерді жөндеуге әзірміз. Қайта жөндеуге шамамен 70-80 млн теңге қаражат керек", - дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.
Айта кетейік, Таразда 1460 көпқабатты үй бар десек, оның 800-і қайта жаңғыртуды қажет етеді. Ал биыл республикалық бюджеттен 5,3 млрд теңге қаражат бөлінген. Оған қаладағы 53 көпқабатты үйді жөндеу жоспарланып отыр.
Авторы: Ұлдана Жұбай
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059556-70-80-mln-tenge-qazet-tarazda-tozygy-zetken-uiler-zarty-gasyr-boiy-zondeu-kormegen/