Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев егін мен күзгі жиын-терін кезінде жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 трлн теңгеге дейін жеткізуді тапсырды

Опубликовано:

Егін алқабы
Егін алқабын суару. Көрнекі фото: pexels.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керектігін айтты, деп хабарлайды Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан, ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн.

Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады.

Сондай-ақ минералды тыңайтқыш себуді ғылыми негізі бар қажеттіліктің тым болмағанда жартысына жеткізуге мүмкіндік береді. Бір гектар жерден 10 центнер өнім алу – еліміз үшін мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, Қазақстандағы кәсіпорындарда сапалы тыңайтқыштар өндірілгенімен, агрохимия саласында мүлде жұмыс істелмейді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте президент былтырғы Жолдауында осы салаға қатысты нақты тапсырма бергенін еске салды.

"Үш жыл ішінде агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу туралы міндет қойылды. Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жасалып жатқан жоқ.

Қазіргі таңда тек шикізат өндірісіне ғана сеніп отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен белсенді түрде айналысу керек. Үкімет осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Ауыл шаруашылығымен шұғылданам деушілердің санын мейлінше көбейту керек. Дақыл түрін көбейтіп, егіннің шығымын арттырып жатқан диқандарға жан-жақты қолдау көрсеткен жөн.

Сондай-ақ бірыңғай жер салығын қолдану мәселесін қайта қарастыру қажет. Себебі, іс жүзіне келгенде, біраз түйткілдер бар. Негізгі талап – салық төлеуді жеңілдету ғана емес. Ең бастысы, шаруалар жерді тиімді пайдаланып, барынша мол өнім беруге ұмтылуы керек.

Мемлекеттік қолдау шараларын "бір терезе" қағидасымен жүзеге асыру қажет, яғни салалық қаржы институттарының қызметін бір жерге біріктірген жөн. Аграрлық несие корпорациясының әлеуетін арттырып, оған әкімдіктердің ауыл шаруашылығын субсидиялау құзыретін беру қажет. Ол үшін агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне жеңілдетілген несие және субсидия беру қызметтерін бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру керек", - деді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059614-toqaev-egin-men-kuzgi-ziyn-terin-kezinde-zenildikpen-beriletin-nesieni-15-trln-tengege-deiin-zetkizudi-tapsyrdy/