Антикор Қайрат Сатыбалдыұлы елден шығарған тағы 44,6 млрд теңгені қайтарды
Жарияланған күні:
Антикор Қайрат Сатыбалды елден шығарған тағы 44,6 млрд теңгені қайтарды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық істерді тергеу шеңберінде мемлекетке 2024 жылдың басынан бастап қосымша 44,6 млрд теңге қайтарылды.
Қазіргі уақытта қаражат мемлекетке келтірілген залалды өтеу есебінен республикалық бюджетке жіберіліпті.
"Антикор Төрағасы Асхат Жұмағали ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған тапсырмаларын іске асыру бойынша құрылымдық және аумақтық департамент басшыларымен жедел кеңес өткізді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестициялардың тағы бір көзі болуы тиіс", - делінген хабарда.
Қайрат Сатыбалдыұлы ісі
Айта кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы 2022 жылғы 13 наурыз күні ұсталды. Ол қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және "Қазақтелеком" акционерлік қоғамы қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қамауға алынды.
Сол жылдың 24 тамызында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да тұлғаларға қатысты "Қазақтелеком" АҚ мен "Көліктік сервис орталығы" АҚ қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлады.
2022 жылғы қыркүйек айында сот Сатыбалдыұлын кінәлі деп тауып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Жазасын Өскемен қаласының іргесіндегі №22 мекемеде өтеуге жіберілді.
2023 жылғы қазан айында Бас прокуратура Қайрат Сатыбалдыұлының шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін екенін айтқан. Алайда кейін оның шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартылғаны белгілі болды.
Желтоқсан айында тәртіп сақшылары Қайрат Сатыбалдыұлының 120 миллион доллар көлеміндегі қаражатын қайтаруды қамтамасыз еткені белгілі болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059805-antikor-qairat-satybaldyuly-elden-sygargan-tagy-446-mlrd-tengeni-qaitardy/