Алматыда көшкін болған аудан тұрғындары үрейленіп отырғанын жеткізді
Жарияланған күні:
Лай көшкіні болған аумақтың тұрғындары болған жайды айтып берді. Көршілердің бірі түнде ешқандай шу естімегенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Аннаның бұл жақта тұрып жатқанына шамамен 6 жыл. Ол осы уақыт ішінде мұнда ешбір көшкін болмағанын айтады. Сол түні әйел ешқандай дыбыс естімеген, жерасты дүмпуін де сезбеген. Болған оқиға жайында таңертең ғана білген.
"Бұл жерде үй салған кезде стандарттар сақталуы керек, құрылысқа рұқсат қағазы болуы, геодезиялық зерттеулер болуы қажет.
Таулы аймақтарда үйлер еркін салынып жатқанын көріп жүрмін. Таулы жердің қаупі қашанда жоғары. Шынымды айтсам, қазір алаңдап отырмыз, басқалар сияқты біз де өз үйіміз үшін қорқамыз", - деді Анна.
Алматыдағы лай көшкіні
Еске салайық, бүгін, 8 ақпанда сағат 02.20-да Алматы қаласы Медеу ауданының "Тау-Самал" шағын ауданында алдын ала ақпарат бойынша техногендік сипаттағы топырақтың ылғалдануынан лай көшкіні жүрген.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, үйлерде төрт адам, оның ішінде екі бала болған. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін №47 орта мектепте эвакуациялық пункт ашылды.
Сондай-ақ Алматы әкімі Ерболат Досаев лай көшкініне байланысты техногендік апат болған жерге барып, қираған үйлерді аралады.
ТЖМ Алматыдағы лай көшкіні салдарына үйінді астында қалған барлық адамның денесі табылғанын мәлім етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059884-almatyda-koskin-bolgan-audan-turgyndary-ureilenip-otyrganyn-aitty/