"Болашақ туралы ой жоқ": Алматыдағы көшкінде отбасынан айырылған жігіт қайғылы оқиғаны баяндады
Жарияланған күні:
Читать на русскомАлматыда көшкін салдарынан отбасынан айырылған Дмитрий Шин жақындарының қазасын қалай білгенін баяндап берді. Сондай-ақ, оның сөзінше, аудан тұрғындары қаланың жоғары жағында салынып жатқан үйлерге көптен бері шағымданып жүр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Өткен аптада Алматыдағы Медеу ауданында лай көшкіні салдарынан қаза тапқан отбасын жерлеу рәсімі өтті. Қайғылы оқиға төрт адамның өмірін қиды. 20 жастағы Дмитрий Шин кенеттен анасы, өгей әкесі және екі бауырынан айырылды. Үйдің үлкені Дмитрийдің айтуынша, егіз Денис пен Сергей 18 сәуірде 17 жасқа толар еді.
Отбасының тірі қалған жалғыз мүшесі Дмитрий оқып жүрген шетелден отанына оралды. NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында Дмитрий намыс танытып, бекем болды.
Қазір ол өзі отбасылық істерімен айналысып жүргенін айтты. Оның сөзінше, қайғылы жағдайға қарамастан, қазіргі жағдайы қалыпты. Сондай-ақ Дмитрий қайғылы оқиға болған түн туралы естелігін айтып берді.
"Маған отбасым тұратын үйге жақын тұратын сыныптасым жазған болатын. Ол жаңалықты көре, бірден маған жазды. Ол отбасымның ешбір мүшесіне қоңырау шала алмай жатқанын айтты. Біз өте жақын дос едік. Сондықтан ол барлығының да нөмірін білетін. Ол маған түнде қоңырау шалды, жазды. Солай білдім... Керемет отбасы еді...
Басында сене алмадым. Алғашында бұл басқа үй, бәлкім өзге адамдар болар деген сенім болған. Бәлкім байланыс болмай жатқан шығар. Бәлкім мұнара құлаған шығар деп үміттендім. Бірақ кейін қабылдадым. Сосын бірден үйге ұшып келудің амалын іздестіре бастадым", - деп еске алады Дмитрий.
Дмитрийдің сөзіне сенсек, ол әзірге отбасының үйі болған орынға бармаған. Бірақ БАҚ жариялаған барлық видеоны көріп шыққан. Қазір туыстарының үйінде тоқтаған. Дмитрийдің айтуынша, көз жұмған ұлдардың туған әкесі кейде қоңырау шалатын, бірақ жиі нөмірін ауыстырып тұрған екен. Осыған байланысты Дмитрий бұл адамның қазір қайда екенін білмеймін деп отыр.
"Жоспарым, әрине, оралып, оқуымды аяқтау. Бірақ қашан баратыным әзірге белгісіз. Қазір болашақ туралы ой жоқ. Әуелі қазіргі мәселелерді шешу керек", - дейді Дмитрий.
Бұған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев қаза болған отбасының үлкен ұлдың тұрып жатқан елдегі оқу ақысы төленіп, оған қаржылай көмек көрсетілетінін айтқан болатын. Айта кетейік, Дмитрий ақылы түрде оқиды. Әзірге жігіт әкімдік өкілдерімен жеке кездеспегенін айтты.
Сондай-ақ жігіттің айтуынша, оның отбасы өз ауданындағы үй құрылыстарына байланысты бірнеше рет шағымданған.
"Үнемі қауіп болған еді. Біз ол жерде тұрған кезде үнемі жоғары жақта үй салынуына шағымданатын едік. Оған қоса егер ол жерде бәрін (ағаштарды айтады - авт.еск.) түбімен кесіп, сенімсіз құрылыс нысаны салынса, барлығы да тегіс қирайтыны анық қой.
Олар көп шағымданған болатын, бүкіл аудан болып. Бірақ еш реакция болған жоқ. Ұзақ уақыт бойы шағымдандық, еш нәтиже болмады. Қазір бұл істі әкімдік бақылауға алып, тергеу жүріп жатыр. Одан соң не істеу керегін біле жатармыз", - деп қосты Дмитрий.
Алматыдағы лай көшкіні
Еске салайық, 8 ақпанда сағат 02.20-да Алматы қаласы Медеу ауданының "Тау-Самал" шағын ауданында алдын ала ақпарат бойынша техногендік сипаттағы топырақтың ылғалдануынан лай көшкіні жүрген.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, үйлерде төрт адам, оның ішінде екі бала болған. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін №47 орта мектепте эвакуациялық пункт ашылды.
Сондай-ақ Алматы әкімі Ерболат Досаев лай көшкініне байланысты техногендік апат болған жерге барып, қираған үйлерді аралады.
Бүгін лай көшкіні салдарынан қираған үйдің астынан 1984 жылғы ер адамның, 1980 жылғы әйелдің және 2007 жылғы егіз жасөспірімнің денесі табылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2060458-bolasaq-turaly-oi-zoq-almatydagy-koskinde-otbasynan-aiyrylgan-zigit-qaigyly-oqigany-bayandady/