Алматыдағы жаңа үйлер жер сілкінісіне шыдас бере ме: құрылысшылар одағы филиалының директоры жауап берді
Жарияланған күні:
Таяуда болған жер сілкінісінен қатты қорыққан алматылықтар жаңадан салынған көпқабатты үйлердің сапасына алаңдаушылық білдіруде. Тұрғындардың уайымдауына негіз бар ма? Бұл сұраққа Қазақстан құрылысшылар одағы Алматы филиалының директоры Тимур Нұртаев жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алматыдағы жаңа тұрғын үйлердің сапасы туралы айтқанда алдымен оларды кім және қалай қабылдап алып жатыр деген заңды сұрақ туындайды. Құрылысшылар одағы Алматы филиалының директоры Тимур Нұртаевтың айтуына қарағанда, құрылыс компаниясы қандай да бір нысанды салуды жоспарлағанда ең бірінші қала құрылысын бақылау басқармасына жүгінеді.
"Олар сәулет-жоспарлау тапсырмасын және техникалық шарттарын береді. Бұл құжаттарда тұрғын үй қанша қабат болуы керек, қандай материал қолданылатыны көрсетіледі және т.б. Осы деректер негізінде жобалау басталады. Ал дайын жоба сараптамадан (мемлекеттік немесе жеке сараптама) өтуі қажет. Содан кейін ғимараттың сараптамадан өткен жобаға сәйкестігін техникалық қадағалау бақылауы керек", - дейді Тимур Нұртаев.
Алматы арқылы бірнеше тектоникалық жарық өтіп жатқаны белгілі. Маманның айтуынша, тұрғын үйді жобалау кезінде сол жарықтар көрсетілген сейсмикалық карта және ғимарат астындағы топырақ геологиясы негізге алынады. Оның сөзінше, тектоникалық жарықтарға тұрғын үй сала беруге болады.
"Тектоникалық жарықтарға құрылыс жүргізуге болады, бірақ ҚазҚСҒЗИ-ның (Қазақ құрылыс-сәулет ғылыми зерттеу институты) арнайы техникалық шартын алу керек. Олар ғимараттың қалай тұрғызылуы керек екенін жазып береді. Әдетте оған ғимарат қаңқасының арматурасын күшейту және жоғары маркалы бетон пайдалану сияқты шарттар енгізіледі. Бүкіл әлем тектоникалық жарықта орналасқан, оның жарқын мысалы – Жапония. Қазіргі технологиялар тектоникалық жарықтарға құрылыс жүргізуге мүмкіндік береді", - дейді филиал директоры.
Алматылықтар қаңтардағы жер сілкінісінен соң қаладағы қандай үйлер мықты деген сұраққа жауап іздеп кеткені рас. Әдетте жаңа үйлерге сейсмикалық сынақ жасап жатады. Бірақ құрылысшылар одағы филиалының директоры Тимур Нартаевтың айтуынша, қазіргі уақытта мұндай сынақтар тек жарнама ретінде ғана пайдаланылады.
"Үй салынып біткенде сейсмикалық сынақ жүргізу – құрылыс компаниясының таңдауы. Ғимараттың сейсмикалық төзімділігін тексергісі келсе тексереді. Бұны қазір тексеру үшін емес, жарнама ретінде пайдаланып жүрген болуы мүмкін. Бірақ құрылысшы ретінде, бұндай тексерістер дұрыс емес екенін ескерсеңіздер деймін. Өйткені ол құрылғы ғимаратты жоғарғы жағынан шайқайды, ал жер сілкінісі кезінде сейсможүктеме төмен жақтан болады. Сондықтан жаңа салынған ғимаратқа мұндай жүктеме жасаған дұрыс емес", - дейді маман.
Тимур Нұртаевтың айтуынша, кеңестік кезеңде мұндай сеймо-тексерулер сирек болған, тіпті өткізбеген. Маман мұндай сынақтан өтпеген үйлердің сүрілгенін көрген жоқпын дейді. Тек бетоны сынақтан өтпеген ғимаратқа демонтаж жасалғанын алға тартады.
Алматыны егжей-тегжей жоспарлаудың жаңа жобасы аясында алдағы уақытта алты қабатты ғимараттардың құрылысына басымдық берілмек. Қаланың сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын ескерсек, бұған дейін қалада бес қабаттан биік үйлер салуға рұқсат неге негізделіп жасалғанына қатысты сұрақ туындайды. Маманның сөзіне қарағанда, қаланың бас жоспарында, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында және регламентте сондай-ақ заңдарда қай жерге қандай ғимарат салынатыны жазылған.
"Құрылыс компаниялары ғимараттың неше қабаттан тұратынын және басқа да параметрлерін ойдан шығармайды, оның бәрі ережеге сәйкес жүреді", - дейді ол.
Құрылысшылар одағы Алматы филиалының директоры алматылықтарды мазалаған тағы бір маңызды сұраққа жауап берді. Ол - қай жылы тұрғызылған үйлер 9-10 балдық зілзалаға шыдас береді деген сұрақ.
"Алматыдағы ғимараттың бәрі, кеңестік кезеңдегі және кейінгілері қазіргі талаптарға сәйкес болуға міндетті. Ал құжаттарда ғимараттар 9 балдық сейсможүктемеге шыдас беру керек деп айтылған. Мен көпқабатты емес, жеке сектордағы үйлерге уайымдар едім. Себебі, онда көбінесе адамдар нормаларды елемей, сараптама жасатпай, сапасыз құрылыс материалдарынан салады", - дейді Тимур Нұртаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2060535-almatydagy-zana-uiler-zer-silkinisine-sydas-bere-me-qurylyssylar-odagy-filialynyn-direktory-zauap-berdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.