Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Не үшін кешірім сұрауым керек?": отбасындағы жанжалға әйелдерді кінәлаған депутат сөзін түсіндірді

Опубликовано:

Анас Баққожаев
Анас Баққожаев: Фотосурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев палата кулуарында отбасындағы жанжалды көбінесе әйелдер тудыратыны туралы даулы сөзін түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Журналистер қоғамның тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге тырысып жатқанына қарамастан, депутаттың "әйелдің тілі ұзын болғаннан жанжал туады" деген мәлімдемесі қаншалықты орынды екенін сұрады.

"Біріншіден, сол күні сөз сөйлеген кезде мен барлық ұсынысты және заң жобасын қолдайтынымды бірден айттым. Бұл ер азаматтардың кез келген өрескел әрекеті жазалануы керек дегенді білдіреді және мен мұны қолдаймын. Не үшін екенін де, себебін де айттым. Неге екенін білмеймін, БАҚ бұл бөлігін ескермеген.

Екінші нәрсе. Психологиялық құралдарға назар аудардым. Яғни ер адам әйелге физикалық әсер ете алса, әйел адам психологиялық тұрғыдан әсер етеді. Бұл жерде жанжал міндетті түрде төбелеспен немесе физикалық зорлық-зомбылықпен аяқталуы керек деген сөз емес. Мен кез келген зорлық-зомбылықты мүлдем қолдамаймын, қарсымын", - дейді Анас Баққожаев.

Ол сондай-ақ өз сөзінде отбасы институтын сақтауды тілге тиек еткенін айтты.

"Бұл тұста салт-дәстүрімізге сай, жалпы отбасы ошағын сақтайтын бірінші тұлға - әйел адам. Міне осыған орай сұрақ қойған болатынмын. Яғни тәрбие жұмысынан бөлек, әйел арқылы отбасын сақтауды көздейтін ұлттық дәстүрімізді, мәдениетімізді дамыту үшін тағы қандай шаралар қарастырылғанын сұрадым", - деді ол.

Сондай-ақ депутат отбасын сақтауда әйелдердің рөлі зор екеніне тоқталды.

"Бұл менің жеке көзқарасым, егер әйел мүмкіндігінше сақтауға, яғни жағдайды ушықтырмауға, кез келген жағдайды жақсы аяқтауға тырысса, әрине, отбасы сақталады", - деп атап өтті депутат.

Ол Қазақстан халқынан кешірім сұрайтын дәнеңе де жоқ деп санайды.

"Неге кешірім сұрауым керек? Біріншіден, БАҚ сөзімнің бірінші бөлігін мүлде ескермеді. Менің ойымша, бұл хейт, таза хейт... Мен сөзімді: "Әйел адамдар, кешіріңіздер" деп бастадым және тек өз ойымды айттым. Егер он мыңдаған отбасы үйлерінде осы мәселені талқыласа, менің ойымша, бұл керісінше, жақсы болған", - деді ол.

Депутат өз мәлімдемесін туыстарының дұрыс қабылдағанын айтты.

"Мен қандай да бір қате сөз айттым деп ойламаймын және бұл қалыпты жағдай", - деп түйіндеді сөзін Анас Баққожаев.

Еске салайық, өткен аптада мәжіліс депутаты Анас Баққожаев "Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы" заң жобасын таныстыру барысында зорлық-зомбылыққа көбіне әйелдердің өздері кінәлі екенін айтқан болатын.

"Жанжал неден туындайды? Әрине, әйелдің тілінің ұзындығынан. Әйелдер кешірсін мені, бірақ мұндай фактілер бар" деген еді ол.

Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха депутатты жеке танымайтынын, сондықтан ол туралы қандай да бір пікір білдіру қиын екенін айтты.

"Оны тыңдадық, ұстанымын ескердік. Бәлкім, кейбір жағдайлардың болуы керек те шығар. Шамасы, ол өміден алынған жағдайлар жайын меңзеді ме, әлде нақты біреу жайында айтты ма, бұл жағын енді мен білмеймін", – деген болатын Лепеха.

Қаңтар айының соңында Мәжіліс депутаттары Қазақстандағы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасын қабылдады.

Мәжілісмен Асхат Аймағамбетов атап өткендей, құжатты Мәжіліс депутаттары әзірлеген және мемлекет басшысының тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2060754-ne-usin-kesirim-surauym-kerek-otbasyndagy-zanzalgan-aielderdi-kinalagan-deputat-sozin-tusindirdi/

pixel