Министр Балаева "Қазақфильмнің" бұрынғы даңқын қайтарғысы келетінін мәлімдеді
Жарияланған күні:
Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Аида Балаева "Қазақфильмнің" бүгінгі жай-күйіне қатысты мәселе көтеріп, оның бұрынғы даңқын қайтаруға мүдделі екенін айтты. Бұл туралы министрлікке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақ – "Қазақфильмнің" қазіргі жай-күйі. Мен министр ретінде "Қазақфильмнің" халықаралық киноиндустриядағы бұрынғы даңқы мен статусын қайтаруға мүдделімін. Бұл – біз үшін жауапты іс әрі қастерлі міндет. Бұған қатысты мемлекет басшысының да тапсырмасы тиісті деңгейде іске асуда.
Кім қаншалықты "Қазақфильмнің" болашағына күмәнмен қараса да, біздің айтатынымыз біреу: "Қазақфильм" қатардағы киностудия емес, бұл – біздің тарихымыз, біздің рухымыз, ұлттық киномыздың келешекке деген үкілі үміті. Содықтан да оны сақтап қана қоймай, қарыштап дамуын қамтамасыз ететін боламыз", - деді Аида Балаева алқа отырысында жасаған баяндамасында.
Бұған қоса министр Ұлттық фильмдерді мемлекеттік қолдау орталығының құрылғанына 5 жыл болғанын, осы жылдар арасында 5 пичинг өтіп, 100 фильм өндірілгенін атап өтті. Алайда, ведомство басшысының сөзінше, фильм тақырыптарының біржақтылығын байқауға болады.
"Мәселен, ашаршылық, соғыс, нашақорлық тақырыптарында фильмдер басым болып тұр", - деді ол.
Сондай-ақ Балаева биылдан бастап мемлекетттік қолдауға үміткер жобаларды конкурстық іріктеу ережесі өзгеретінін айтты.
"Атап айтқанда, Ұлттық киноны қолдау орталығы алдымен сценарийлерді қабылдап, үздіктерді сараптама кеңесінен іріктейтін болады. Ұлттық мүддемізге, идеологиямызға сай келетін басым тақырыптар бекітіліп, жақын арада жаңа форматтағы конкурс жарияланатын болады", - деді министр.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ бұрынғы президенті жемқорлық жасады деген күдікке ілінгенін хабарлағанын жазған едік.
Сондай-ақ жақында актер Қуандық Дүйсенбаев желіде Шәкен Айманов атындағы киностудияның аумағында соңғы күндері қытайлық көліктер қаптағанын айтып, наразылық білдірген болатын. "Қазақфильм" АҚ президенті Азамат Сатыбалды бұл жағдайға пікір білдірді.
Еске сала кетейік, Азамат Сатыбалды 2023 жылдың шілдесінде Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ президенті қызметіне тағайындалды.
14 ақпанда режиссер Қуаныш Бейсек "Қазақфильм" ұлттық студиясы президентінің кеңесшісі болып тағайындалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061185-ministr-balaeva-qazaqfilmnin-buryngy-danqyn-qaitargysy-keletinin-malimdedi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.