Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында дәрігерлер неге науқасқа омбы қарды кешіп баруға мәжбүр болған

Жарияланған күні:

фельдшерлер
Видеодан кадр: Сая Рысбайдың жеке мұрағатынан

Көлік министрі бүгінгі сенат кулуарында Ақтөбе облысында жедел жәрдем қызметкерлері науқасқа неліктен омбы қарды кешіп жетуге мәжбүр болғанын түсіндірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Журналистер министрге жуырда Ақтөбе облысында жедел жәрдем қызметкерлері науқасқа белуардан келетін қарды кешіп баруға мәжбүр болғанын еске салды. БАҚ өкілдерінің айтуынша, дәл осындай жағдай Солтүстік Қазақстанда да болған, дәрігерлер инсульт алған адамды ауруханаға шанамен жеткізген. Журналистер министрден осы жағдайларға не себеп болғанын сұрады.

"Жекелеген бейнероликтерге келетін болсақ, олар республикалық жол емес болатын, екіншіден, олар діттеген жеріне тура жетті, яғни жолмен тиісті ауылға жетіп, ары қарай үйге жеткен. Ал ол жақтағы қарды күреуге жергілікті атқарушы органдар жауапты... Бұл соларға қойылатын сұрақ", - деп жауап берді көлік министрі Марат Қарабаев.

Бұдан бөлек министр ақылы жолдардан жиналған қаржы қайда жұмсалып жатқанын да айтып берді.

"Бірнеше рет айттық. Жалпы республикалық жолдарды күтіп ұстауға жылына 60 млрд теңге қажет, жаңа учаскелерді пайдалануға бергенде ол 78 млрд теңгеге дейін өседі, ал ақылы жолдан 30 млрд теңге түседі, яғни бұл қаражат өзін-өзі өтемейді және республикалық бюджеттен қосымша қаржыландырылады.

1100 техника тапшы. Ақылы жолдардан түсетін алдағы кірістер техника сатып алуға да жұмсалады", - деді Қарабаев.

Министр "Астана – Балқаш – Алматы тасжолы қашан пайдалануға беріледі?" деген сұраққа да жауап беріп өтті.

"Бізде биыл аумақ бойынша 768 шақырымы жүріске берілді. Жүріс дегеніміз не? Бұл көліктер жүре алатын асфальттың төменгі қабатын білдіреді. Бізге асфальттың жоғарғы қабатын төсеу ғана қалды, яғни төсем. Тапсырма берілді, біздің биылғы міндет – пайдалануға беруді қамтамасыз ету. Әлбетте, бұл учаскелерді пайдалануға беруді қамтамасыз етуге уәде беремін", - деп сендірді ол.

Айта кетейік, 8 ақпанда Ақтөбе облысының Хромтау ауданында фельдшерлер ақтүтек боранда жарты жолда көлігін тастап, белуардан келетін қар кешіп, діттеген жерге бір сағатта әрең барғанын жазған едік. Жедел жәрдем қызметінің аға фельдшері Сая Рысбек әріптестерімен бірге белден келетін қар мен ақ боранда шақыртуға бара жатқан сәтін видеоға түсіріп алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061215-aqtobe-oblysynda-darigerler-nege-nauqasqa-omby-qardy-kesip-baruga-mazbur-bolgan/