Ақтүтек боранда шақыртуға шыққан ақтөбелік фельдшерлер діттеген жерге еңбектеп жеткен (видео)
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Хромтау ауданының жедел жәрдем қызметінің аға фельдшері Сая Рысбай ақтүтек боранда медициналық көмекке мұқтаж жанның шақыртуына қалай жеткенін айтып берді. Әріптес фельдшерлер жарты жолда көлігін тастап, белуардан келетін қар кешіп, діттеген жерге бір сағатта әрең барған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Оқиға 8 ақпан күні Ақтөбе облысының Хромтау ауданында болған. Сая Рысбек әріптестерімен бірге белден келетін қар мен ақ боранда шақыртуға бара жатқан сәтін видеоға түсіріп алған.
"Белден келетін қар. Осы көшені соңына дейін жүруіміз керек. Мынау төртінші көше. Жете алмай жатырмыз. Аяқ киіміміз де қалып қойып жатыр. Біз сіздер үшін жұмыс істейміз. Ауырмаңыздар. Сіздерден өтініш, жедел жәрдем қызметін аса маңызды жағдайда ғана шақырыңыздар. Бәрімізде әке-шеше, бауыр бар. Барлықтарыңызды түсінеміз", - дейді ведио авторы.
Оның айтуынша бейнежазбаны дәлел ретінде диспетчерге түсірген.
"Целинная мекенжайынан хабарлама түсті. Тұрғын жүрек ауруымен шағымданды. Осы мекенжайға бардық. Көлік жете алмаған соң жаяу жүруге тура келді. Жарты жол ашылмаған екен, көмек көрсетіп қайттық. Негізі сол күні шақыртулар көп түсті. Қолдан келгенше ТЖБ-ға хабар бердік. Әкімдік те көмектесті. Бәрі белсенді жүрді. Көлік тасжолда тұрды. Сол кезде бір сағаттай жүрдік. Жел қатты болды. Адамдар да түсіністікпен қарады. Жылы жүзбен қарсы алды", - деді аға фельдшер Сая Рысбай.
Ол жедел жәрдем қызметінде 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Айтуынша, Самара - Шымкент тасжолы өтетін Хромтауда төтенше жағдай жиі болады.
Айта кетейік, бүгін Ақтөбе облысының аумағында қолайсыз ауа райы әлі де сақталуда. Хромтау және Әйтеке би аудандарында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
"Қазір хабар-ошарсыз кеткен ешкім жоқ. Бірақ әлі де шақыру түсіп жатыр. Қобда ауданында денсаулығына байланысты шақырту болды. Әйел адамды Ақтөбе қаласының ауруханасына жеткізу үшін аудандық ТЖБ-ға тапсырма берілді. Кешегі күнге қарағанда қоңырау азайды. Қазір Ақтөбе облысында жол талғамайтын 10 трэкол бар. Сонымен бірге 8 вахтовка бар. Шақыртуға уақытылы жету қиындық туғызып тұр. Ештеңе көрінбейді. Соған қарамастан құтқаруға бара жатқан көліктердің алдында біздің құтқарушылар жаяу жүрді. Сөйтіп зардап шеккен, жолда қалған азаматтар құтқарылды. Ол әлеуметтік желіде айтылып жатыр. Бүгінгі уақытта кей ауданда жел бәсеңдеді. Жолда қалған көліктерге қандай көмек керек екенін білдік. Жанар-жағармай қажет болса, жергілікті атқарушы органмен бірге жанар-жағармай, азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатыр", - деді Ақтөбе облысы ТЖД басщысы Нұрғали Жүнісов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059957-aqtutek-boranda-saqyrtuga-syqqan-aqtobelik-feldserler-dittegen-zerge-enbektep-zetken-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.