"Зауыт емес, денсаулық керек": жамбылдық тұрғындар ауыл ішіндегі май зауытының жұмысына қарсы шықты
Жарияланған күні:
Жамбыл облысында тұрғындар ауыл ішінде орналасқан күнбағыс майын шығаратын кәсіпорынның жұмысына наразы. Көктал ауылының халқы зауыттың жағымсыз иісіне тұншығып, ауру болып жатқандарын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Тұрғындардың сөзінше, кәсіпорыннан шығатын өткір иіс ауылға жайылып, адамдар жаппай ауырып жатыр. Әсіресе балалар арасында аллергия көп. Сондықтан ауыл халқы май шығаратын зауытты көшіруді талап етіп отыр.
"Ауылдың ішіне май зауытын салуға бола ма екен? Бізден рұқсат алған жоқ. Алдымен ауыл тұрғындарының келісімін алуы керек қой. Енді тыныс жолдары ауруларына шалдығып жатырмыз. Балаларымыздың болашағы не болмақ? Бізге зауыт емес, денсаулық керек! Сондықтан бұл зауытты сыртқа көшірсін!", - дейді ауыл тұрғыны Нұржамал Ағанасова.
Төрт мыңға жуық тұрғыны бар Көктал ауылындағы жалғыз кәсіпорын 2018 жылы салынған. Сол уақыттан бері ауылдықтар зауыт жұмысына қарсы. 300 градус ыстықта қайнатылатын күнбағыстың күлімсі иісі ауылға тарап, тынысты тарылтып жатқанын айтады. Салдарынан ауылда тыныс жолының аурулары жиілегенін дәрігерлер де растап отыр.
"Зауытқа жақын орналасқан тұрғындар, әсіресе кішкентай балалар жиі ауырады. Балалар жылына 4-5 рет ауыратын болса, бұл кісілер бір айда 2-3 рет обструктивті бронхитпен жиі ауырады", - дейді дәрігер Шахизада Самал.
Ал кәсіпорын басшылығы зауыт жұмысы заңды дейді. Бүгінде онда 40-тан аса адам жұмыс істейді. Енді олар тұрғындардың өтінішімен күнбағыс майын өндіретін пеш мұржасына тұндырма сүзгі орнатпақ. Құрылғы артық иістің сыртқа бөлінбеуіне жауап береді.
"Біз шикізаттың басым бөлігін Павлодардан алдырамыз. Тек майды әзірлеудің соңғы сатысында жоғары градуста қыздырамыз. Жағымсыз иіс сонда шығады. Десе де экологиялық талаптың бәрін сақтап, өндірісті тұрғын үйлерден 100 метр қашықта салдық. Біз бұл жерден көше алмаймыз, не істесеңіздер де оны істеңіздер. Құжаттарымыз дұрыс. Осы жылы сүзгі орнатамыз. Оны орнату жоба талабында қарастырылмаса да арнайы технологтар тартып, іске қосамын", - дейді кәсіпорын өкілі Марат Есенбаев.
Шу шыққан жерге Байзақ ауданы әкімдігінің мамандары да келді. Олар алдағы уақытта тұрғындар тарапынан арыз түссе, экологтармен бірігіп зауытты тексерістен өткізуді жоспарлап отыр.
"Зауыттан ауыл бюджетіне жылына түсетін салық түсімі 3 млн теңгені құрайды. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселеге қатысты арнайы комиссия құрып, бұл зауытты толық тексерістен өткіземіз. Нақты уақытысын алда айтамыз. Тексеріс барысында ішкі құрылғыларын қараймыз. Заң бұзған жағдайда, тиісті шаралар қабылдаймыз", - деді Байзақ аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қанат Телеуов.
Тұрғындар сүзгі орнатылмаған жағдайда заң орындарына жүгінеміз дейді. Айта кетейік, кәсіпорынның негізгі бөлігі Павлодар қаласында орналасқан екен. Жамбыл жеріндегі өндірісі оңтүстік өңірлерді күнбағыс майымен қамтуға қызмет көрсетеді. Өнімдерін алыс-жақын шетелдерге де экспорттайды.
Авторы: Дана Мұхарбек
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061237-zauyt-emes-densaulyq-kerek-zambyldyq-turgyndar-auyl-isindegi-mai-zauytynyn-zumysyna-qarsy-syqty/