Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы "Қазақстан" шипажайы мемлекетке қайтарылды

Опубликовано:

"Қазақстан" шипажайы
"Қазақстан" шипажайы. Фото: kazsan.kz

Прокурорлар Алматыдағы "Қазақстан" шипажайын мемлекет меншігіне қайтарды. Мекеменің экс-директоры мен басқа да бірқатар тұлға ақша жымқырғаны үшін сотталды. Бұл туралы Алматы прокуратурасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, 2013 жылы шипажай директоры "Қазақстан" шипажайының барлық мүлкін кепілге қойып, кірісті жасанды түрде арттырып, ғимараттарды жөндеуге 2,6 миллиард теңге несие алған.

"2021 жылы 700 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін директор мен басқа да тұлғалар түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды", - деп мәлімдеді прокуратура өкілдері. 

Қадағалау органы несие беру кезінде банк шипажайдың төлем қабілетіне талдау жүргізбегенін анықтаған. Осыған қарамастан 2022 жылы сот арқылы жалпы 3 млрд теңге қарыз өндірілген.

"Алматы қаласы прокуратурасының апелляциялық шағымы бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, бұл сома 1,8 млрд теңгеге дейін қысқартылды.  

Өз кезегінде Медеу ауданының прокуратурасы кепіл шартының заңсыздығы мен жарамсыздығына байланысты оны жарамсыз деп тану үшін сотқа жүгінді", - делінген хабарламада.     

2023 жылғы 12 желтоқсан күні прокурордың талап-арызын Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қанағаттандырған.

"Осылайша, прокуратураның шараларымен құны 7 миллиард теңгеден асатын мемлекеттік санаторий заңсыз кепілден алынып, оның қарызы 1,2 миллиард теңгеге қысқарды", - дейді қалалық прокуратура өкілдері.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында жеке компанияның сенімгерлік басқаруында болған Есік көліндегі бөгет мемлекет меншігіне қайтарылғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061753-almatydagy-qazaqstan-sipazaiy-memleketke-qaitaryldy/

pixel