"Ешкім 100 пайыз кепілдік бере алмайды": министр Алматыдағы жер сілкіністері туралы айтты
Жарияланған күні:
Читать на русскомҮкімет брифингінде төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Алматыда күшті жер сілкінісі ықтымалдығы қандай екенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Әрінов бұған дейін Алматыдағы Сейсмология институтының мамандары брифинг өткізгенін, оның барысында Алматы облысында жойқын жер сілкінісі күтілмейтінін мәлімдегенін еске салды.
"Ешкім 100 пайыз кепілдік бере алмайтынын айтқым келеді. Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын ескерсек, ол сонымен қатар ең биік ғимараттары бар, халық ең тығыз орналасқан қала екенін түсінеміз.
Біз жағдайдың күрделілігін түсінеміз және Төтенше жағдайлар министрлігі ретінде барлық тиісті жұмысты тәжірибеде іске асыра бастадық", - деп сендірді министр.
Оның айтуынша, Алматыға Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығын, Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығын, сондай-ақ Азаматтық қорғаныс комитетінің төрағасын жіберген.
"Олар бұл мәселені Төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық басшысымен, облыстық департаменттермен, әкімдіктермен, қауіпсіздік блогымен бірлесе отырып пысықтауда.
Қалай? Біз мүлік иелері бірлестіктерімен және пәтер иелері кооперативтерімен жұмыс істейміз, әр үйді, әр ауланы, әрбір подъезді санатқа бөлеміз.
Әрбір мүлік иелері бірлестіктерінде және пәтер иелері кооперативтерінде чаттар бар. Біз Telegram-арнамыз арқылы халықты барлық жағдай туралы белсенді түрде хабардар ете бастадық. Онда Алматының әр тұрғыны қандай да бір жағдайда қалай әрекет ету керегі жөнінде түсіндірме ала алады. Бұл белсенді түрде жалғасатын негізгі жұмыс", - деді Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы.
Еске сала кетейік, 23 қаңтарға қараған түні Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында жер сілкінісі сезілді.
Жерасты дүмпулері әсіресе Алматы тұрғындарына қатты сезілді. ТЖД ақпаратынша, Алматыда 5 балдық жер сілкінісі тіркелген. Алматының кей аудандарының тұрғындары жер сілкінісі кем дегенде 5 минутқа созылғанын жеткізді.
Содан бері Қазақстанда 2,5 мыңға жуық афтершок тіркелген. Тұрғындар оның тек 12-сін сезген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061943-eskim-100-paiyz-kepildik-bere-almaidy-ministr-almatydagy-zer-silkinisteri-turaly-aitty/