Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көлігін Алматыдан Астанаға алдыртпақ болған журналист алаяқтардан қалай алданғанын айтты

Жарияланған күні:

көлік
Ұрланған көлік. Видеодан кадр: instagram.com/nazerke_sultanbek

Елорда тұрғыны, журналист Назерке Сұлтанбек Алматыда қалған автокөлігін Астанаға алдыртамын деп сан соғып қалды. Журналист Астанаға көлік жеткізіп беремін дегендерді арнайы сайтқа хабарландыру беру арқылы тапқан. Алайда алаяқтарға тап болып, көлігінен айырылып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Назерке Сұлтанбектің айтуынша, ол 4 ақпанда арнайы сайтқа хабарландыру жариялап, Алматыдан Астанаға көлік тасымалымен айналысатындарды іздеген. Хабарландыру бойынша әлдебіреулер хабарласып, Алматыда тұрған көлікті айтқан жерге жеткізіп береміз деп уәде еткен.

"Көлігім жаңа - 2023 жылғы, автовозбен алдыртамыз деп отырдық. Өйткені ауа райы да бұзылды, боран, қыстың кезі. Оның үстіне жол да нашар. Осылай алдыртқанымыз қауіпсіз деп шештік. Өзім Астанада болған соң, көлігімді олар айтқан жерге інім апарды. Інім көлікті автовозға салғанын өз көзімен көрмеген. Өйткені олар көлікті түнде салып, жолға шығамыз деп айтқан. Інім көлікті тапсырып, сол жерде толық видеоға түсіріп алған. Видеодан машинаны қабылдап алған адамның түрі де көрініп тұр", -дейді Назерке Сұлтанбек.

Көлікті қабылдап алған адамдар інісіне ешқандай заңды күші жоқ акт берген. Назеркенің айтуынша, қағазда тасымалдаушы фирма туралы бірде-бір ақпарат болмаған, оны кейін білген.

"Актті анықтап қарамаппыз, онда фирма туралы еш мәлімет жоқ, тек көлігім туралы ақпарат келтірілген. Олар сол күні бірден ақшаны карточкасына аударуды сұрады. 70 мың теңгені айтқан картасына аударып жібердім. Жеке куәлігін жіберді. Кейін белгілі болғандай, әлгі жеке куәлік автобус айдайтын карапайым жүргізушінікі екен. Кезінде ол кісі біреуге жіберген, қандай да бір жолмен ол алаяқтардың қолына түскен", - дейді ол.

Көлікті қабылдап алғандар иесіне сол күні түнде жолға шықтық деп хабарласқан. Екі күн өткенде Қарағандыда бұзылып тұрмыз деп хабар берген. Одан кейін тағы ек-үш күн өткен. Бесінші күні мүлде байланысқа шықпай қойған. Ал тура бір апта өткенде "Кешіріңіз, сіздің көлігіңіз ұрланды, 2 млн теңге жіберсеңіз көлігіңіз қайда тұрғанын айтамын" деген хабарлама келген.

Назерке бірден іске кірісіп, полицияға шағымданған. Көлік Алматыда қолды болғандықтан Наурызбай аудандық полиция басқармасына арыз жазған.

Алайда, көлік иесінің сөзінше, полициядан әлі күнге дейін хабар жоқ. Назерке Сұлтанбек полицияның жұмысына көңілі толмай, өз бетінше іздеуге кіріскен. Тіпті таныстары арқылы видеоға түсіп қалған адамның жеке басы туралы мәліметті тапқан. Алайда полиция басқармасындағылар үнсіз дейді ол.

Бұл іс бойынша Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек түсінік берді. Айтуынша, аса ірі көлемдегі алаяқтық деректері бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша Наурызбай аудандық полиция басқармасы екі қылмыстық істі тергеп жатыр.

"Аталған қылмыстарды ашу мақсатында арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Қарастырылып отырған көліктердің ықтимал қозғалыс бағытын анықтау үшін бейнебақылау жүйелеріне егжей-тегжейлі мониторинг жүргізілуде. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу органы Қылмыстық іс жүргізу туралы кодекстің 24-бабының талаптарына сәйкес істердің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу бойынша шаралар қабылдады", - дейді полиция өкілі.

Ал журналист Назерке Сұлтанбек осыған ұқсас жағдайға тап болған бірнеше адамды тапқанын айтады.

"30 шақты адам. Дәл сол мекенжайдан қаншама көлікті алып кеткен. Тіпті дәл сол күні алып кеткен жағдайлар болыпты. Өкінішке қарай көп адамның ісі шешілмеген. Хабар-ошарсыз кеткен көлік көп. Біреулер көлігі табылса да, үш-төрт айлап машинасына қол жеткізе алмай жүр", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2062104-elordalyq-zurnalist-avtokoligin-almatydan-astanaga-aldyrtamyn-dep-aldanyp-qaldy/